Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  80


Автор: Алмас АЛТАЙ

Санамды сиқырладың ба...

Санамды сиқырладың ба,
Не құдірет бар көзіңде?
Тәп-тәтті бұртиғаның да
Өкпелеп қалған кезіңде.
Сөйлесу мүмкін болмайды,
Телефон сөнген, қай заман,
Сонда да үміт солмайды,
Нөміріңді терем қайтадан.
Сағынтып...
Әлде сағынып...
«Иә» дейсің шаршау үнменен.
Күткен ғашыққа зарығып
Жарты бақыт қой бұл деген.
Тым жаман жауап күтпеймін,
(Күдік те жақын кеп тұрат).
«Жарайды» дейсің...
«Уфф» деймін,
Үстімнен ауыр жүк құлап.
«Кешірім сұрай бересің,
Дұрыс па осы, айт өзің...
Шектеулі бәрі білесің,
Таусылса бір күн, қайтесің?»
Тағдырдың сыны осы да,
Тым басқа еді күткенім...
Сендегі кешірім таусылса,
Менің де мүмкін біткенім.
Ренжіп ал, тартады аяғын,
Еркелеп кетсе, тентегің.
Жасытпа бірақ, жанарын
Кеше сал...
Таныт кең пейіл!
Сезімге сызат түсірме.
...өкпеңнің орны бөлек қой.
Қайтадан ренжу үшін де
Кешірім беру керек қой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу