Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  59


Автор: Аллаберген Қонарбаев

ТАМАРА АСАРҒА

Тамара таң жұлдызы аты мәлім,
Ғашық жыр – жан жүрегі сахнаның.
Сыңғырын балбұлақтың құшаққа алып,
Қайда да ақ жауын боп жатыр әнің.
Табынтқан тағдыр атты талайыңның,
Дегендей: «Ән шұғыла – арайыңмын».
Суардың сұлулыққа көлдей шалқып,
Тамара құс көмейі Адайымның.
Сен десе елеңдейміз құлақ түріп,
Бас иді тау көңілдер құлап тұрып.
Нұрлы ертең қол қусырды алдыңа кеп,
Жолыңа қызыл гүлін лақтырып.
Ән шіркін әуелейді қашанда аман,
Кез келген құпиясын аша алмаған.
Өзіңді желеп-жебеп жалаулатқан
Әулием, әруақты Асар бабам.
Тамара ән-дария тасып толып,
Арманың алдамады қашық қонып.
Мұң шалса жанарыңды жарқыратты,
Аспанда Ай сәулесі ғашық болып.
Өзіңмен өзгеше бір шам жағылды.
Толтырдың нұр сезімге жан-жағыңды.
...Тойына бәрімізді шақырғайсың,
Ертерек үйлендіріп Қамбарыңды.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» бұл тілегім,
Әрдайым алаулатшы күлкі лебін.
Өзіңе қол соғумен күндер өтсін
Сағыныш толқынымен жұртың-елің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу