👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  100


Автор: Рза Оңғарбай

ТӨРТТАҒАНДАР

Құлшынып жар таңдаймыз, жыр таңдаймыз,
Өмірдің қызығына бір қанбаймыз.
Ойласаң бәрі бекер, шындығында
Ажалдың кезегінде тұрғандаймыз.
***
Махаббатпен ұрпақ сүйіп үлгерген,
Біз пендеміз, бұл өмірге бір келген.
Мәңгіліктің қақпасына жеткізбей,
Атып жығар ажал дейтін сұр мерген.
***
Бауырым ойсыз, қамсыз талтаңдайсың,
Байқасам көш соңында қалғандайсың.
Өмірде үлгермеген көп ісіңе,
Құдайдан қарызға жыл алғандайсың.
***
Қасқырларды қойға шапқан ойрандап,
Қырып салдық, тұрмыз соған қайран қап.
Бірақ елді алатайдай бүлдірген,
Адам – қасқыр ауылда жүр тайраңдап.
***


Қайтып жүр әржерлерден құр меселім,
Тірліктің таба алмадым бір есебін.
Тағдырым Құдай жазған – ол өзім ғой,
Өзіммен өзім қалай күресемін.
***
Тап болдым залымдарға, надандарға,
Сонда да сеніп келем адамдарға.
Аласы ішінде екен адамдардың,
Ішіне кіріп-шығар шамам бар ма?
***
Біреулер қиналады сөз бере алмай,
Келеді кісілігін көз көре алмай.
Заманға тап болсам да мыстан келбет,
Келемін ақыл тауып өзгере алмай.
***
Көп көрдім залымдардың аярлығын,
Көңілім мұң, наласын жаяр бүгін.
Меңгерген ол қулардың іліміне,
Жоқ екен менің ешбір даярлығым.
***
Қушыкеш қулығына мақтанады,
Жүргендей бұл өмірде бақ, талабы.
Арсызға қарап тұрып, екі қолым,
Жағасын жырта жаздап шақ қалады.
***
Кісілік парасаттан мақұрым жан –
Жынды көп бұл күндерде мақұлыңнан.
Қаралай түйіледі жұдырығым,
Ашуым бұрын жетіп ақылымнан.
***
Ғашық жан сәмбі талдай бүрленеді,
Ақиық ақындардай түрге енеді.
Ал бірақ, ғашығымен кездескенде,
Айтарға бір сөз таппай күрмеледі.
***
Ғашықтың сорлылығы білінбейді,
Сырласып сүйгеніне «гүлім» дейді.
Жүз тікен тұрсадағы жүрегінде,
Бақытты адамдай-ақ күлімдейді.
***
Жасы ма?.. Жетпістен де асқан адам,
Жағымпаз, жәдігөй, қырт, қасқа надан.
Елі азат болсадағы жиырма жылдай,


Ол әлі қамытын да тастамаған.
***
Көңілі кейбіреудің озбыр әлі,
Қаралай жыныңызды қоздырады.
Селкілдеп сексенінде пайда көздеп,
Есігін әкімдердің тоздырады.
***
Айтпаймын «жағдайыңды ойлама»-деп,
Жағымпаз шал-шауқандар қайда да көп.
Тұқымы құрып кеткен шоң шалдардың
Әкімге ақыратын «Әй, бала!» - деп.
***
Жұрт қол соғып, сол екен жамырауы,
Әнші тұрды ойылған омырауы.
Әнін айтып болған соң, сәл иілген,
Түсіп кете жаздады қоңырауы.
***
Әуелі «Құлхуалла, Алхам» кірді,
Иманын біздің шалдар қалқан қылды.
Сақалы бар, мұрты жоқ қырттар келіп,
Қайран дінін халқымның талқан қылды.
***
Жығылып, құлай кетіп опыр-топыр,
Жағалай жас пен кәрі намаз оқыр.
Оныңнан сауап бар ма, ей, жамағат,
Жүрегің кір болса егер адам шошыр.
***
Жалғап жатыр замана жолға-жолды,
...Естіп ең ғой, мінеки, ол да болды.
«Құдай жоқ»,-деп қақсаған атеист пен,
Ар-ұятсыз алқаш та молда болды.
***
Қылсын дейік көңілін Құдай бәсікҰрлық деген харам іс, ылай кәсіп.
Бұрын жортқан ұрылар дара-дара,
Бұл күндері алыпты сыбайласып.
***
Біреудің істеп кетсе ісі мығым,
Теріс,- деп айта алмайсың түсінігін.
Бірақ та қайыр жасап, сауап алған
Көрмедім зәредей де кісілігін.
***
Қызға жігіт қырындап, сүйкенеді,


Сүйкенгені ол енді сүйгені еді.
Оны сезген қыз да енді бір ысынып,
бір суынып ғажайып күйге енеді.
***
Егдердік, айналдық біз қартаюға,
Бойдағы бұла қайрат ортаюда.
Енді біз шаттанғанмен шалқымаймыз,
Шама жоқ бұрынғыдай шалқаюға.
***
Қарашы бұл көңілдің сап болғанын,
Кім сүймес басына кеп бақ қонғанын.
Ей, сұлу, сен менсінбей баратсың ба?
Әттең-ай, жиырма бесте тап болмадың.
***
Бір іске белді бекем буған едік,
Ысқырып бір әкімді қуған едік.
Жаңасы жылпылдаған бір керемет,
Бұрынғы әкімнен де қу ма дедік.
***
Қыздар жүр, бір тыным жоқ желісінде,
Келеді көрінгенмен келісімге.
Жетімдер үйі толы тастандылар,
Көкек жүр ұшып-қонып ел ішінде.
***
Жиналып бұрын балдар жиын құрап,
Қоюшы ед үлкендерге қиын сұрақ.
Баласы қазіргінің саудагердей,
Қинайды теңге менен тиын сұрап.
***
Сауап пен иман жиған жан едім де...
Не болмай жатыр бүгін әлеміңде.
Қорқамын бүгінгінің адамынан,
Сатып берер түрі бар сәлемін де.
***
Тексерсең әкім –аппақ, өкім –дұрыс,
Таппайсың заңға қайшы, шетін бір іс.
Мықтылар бес-алты үйін жалдап қойған,
Жарлылар жағалап жүр жетім бұрыш.
***
Алламыз алалауды жөн көрмеген,
Ешкімді ешкімнен де кем көрмеген.
Басталып кетпесе игі матриархат,
Төрге озды бір саясат гендер деген.


***
Бір үйде әйел Құдай орнаған бар,
Бір үйде заңнан қорқып сорлаған бар.
Болғанмен қанша пысық, қанша жүйрік,
Оңбайды азаматты қорлағандар.
***
Интернетке қанша адам ділгір еді?..
Ұл-қызыңды ойнатып, күлдіреді.
Ол бірақ ана да емес, әке де емес
Түбінде бәрін де сол бүлдіреді.
***
Ұл-қызың айтқаныңды ұға ма дер,
Қырыққа дейін бала – бұға берер.
Жастық шақ болмайды екен ондайларда,
Қырықтан соң «шал» болып шыға келер.
***
Өмір деген жылдар емес сен сүрген,
Өмір деген қызық емес сен күлген.
Өмір деген ісің, барлық тірлігің,
Халқыңа шын қадіріңді білдірген.
***
Досым, сен атақ пен даңқ пайдалы деп пе ең?..
Ей, қойшы, ол атағың қайдағы... не еткен...
Жараспаған дәм-тұзы ғашықтардай
Олар мені әрқашан айналып өткен.
***
Мен айтамын, оқырман күлу сізден,
Теледидар, соншама жылусыз ба ең.
Дәм-тұзы жоқ хабарын көкей жасық,
Өткізеді сайраған сұлу қызбен.
***
Адамның ойы қашан тұрақтады,
Берілді міне, бізге сұрақ тағы.
Адам ба? Адам деген кітап ол бір,
Оқуы оңай емес бірақтағы.
***
Құдайым ақымақпен алыстырма,
Жындымен ешқашан сөз жарыстырма.
Басыңа бәле тілеп алғаныңша,
Үнсіз қал, жағыңды сен қарыстыр да.
***
Бүгінде қыз есеппен үйленеді,
Жарлыға жоламайды, жиренеді.


Шамасы жетсе жүрдек көлігі бар,
Жасауы жайнап тұрған үйге енеді.
***
Жағымпаз жалбаңдайды, қақсамайды,
Жағалап жүрсе болды ақ сарайды.
Мықтының бәтеңкесін байлап беріп,
Өзіне соны да зор бақ санайды.
***
Бір үйде төрт партия қорқасың, ә?
Таласар тірі өгіздің сорпасына.
Төртеуі төрт бұрышқа тартқылайды,
Шаңырақ түспесе игі ортасына.
***
Әртіссің күліп, қайта жылай берген,
Жақсы бір жағымды роль сұрай келген.
Тап болып тағдыр деген сценарий,
Ойнайсың роліңді Құдай берген.
***
Тіршілік тап болған бір шаруам де,
Әйтеуір шыққан жоқпыз серуенге.
Белгісіз қайда апарып тастайтыны,
Келеміз өмір атты керуенде.
***
Десек те кеткен шығар күні батып,
Жастық шақ еске түсер кей уақыт.
Сағымдай бұлдыраған бір сағыныш,
Жүректі шымшылайды бей уақыт.
***
Өтпейді сауығы жоқ сау күн тіптен,
Дегенмен концерт десе қаупім көп те.
Келіп ем демалуға, шаршап шықтым,
Тап болып әулекі мен әупілдекке.
***
Орыстың тілі бізде кіл ыңғайда,
Жұлыным бұл қорлықтан жұлынбай ма?!
Сақаумыз жиырма жылда тіл шықпаған,
Қазақстан, қазағым, тілің қайда?!
***
Ренжіп жүргендей-ақ бекер елі,
Әкімдер құр уәде төпер еді.
Уәде ас болса егер біздің халық,
Әлдеқашан семіріп кетер еді.
***


Ит өмір бір күн маған қырын қарар,
Талқаны тірлігімнің жырымдалар.
Сол күні дүние – мал іздемеңдер,
Соңымда қалса азғана жырым қалар.
***
Сен мені ит еді,-деп боқтама да,
Сен мені мықты еді,-деп мақтама да.
Өмірде қандай болсам, дәл сондай қып
Бағаңды берсең болар, Хақтағала.
***
Жеткенде тағдырымның сұм ажалы,
Біреулер жері кеңіп қуанады.
Біреулер қимастықпен күрсініп жәй,
Біреулер жылай-жылай жұбанады.
***
Қара өлең, «жырың неге төмен?»- дейсің,
«Дегенмен мен өзіңе сенем» - дейсің.
Қайғырсам жұбататын өзің ғана,
Ауырсам және тағы сен емдейсің.
***
Тірлік дауыл, қанатын жайған нағыз,
Тыныштық тапқан жоқпыз қайдан да біз.
Тыныштық қайдан болсын, біздер шыны
Мәңгілік бітпейтұғын майдандамыз.
***
Кездесті өмір жолда маған әркім,
Дедім шын мен оларға: «Ассалаумағалейкүм».
Білмедім, кіл надан ба, жағалай сұм ба,
Кейбірі жарамады «Уағалейкүміссаламға».
***
Түсті жігіт ғашықтық азабына,
Бір сұлудың қор болып мазағына.
Құтқармақшы ек жабылып, ол қыңбады,
Ақыл айтсаң қонбайды қазағыңа.
***
Кердеңдеп ақша шықты, ісініпті,
Мен: «Қайда қоям дедім кісілікті?»
Ақша айтты: «Ұрдым деді мен оныңды,»
Бәрі де түсінікті.
***
Әділдік қайда кеттің бір көрінбей?
Бағаңыз лайықты жүр берілмей.
Мықтылар бұл күндері жөн сөзіңді


Көрмейді бұралқы иттің үргеніндей.
***
Өмірдің өткелінен астым нелер,
Ән қайда сезімдерге тасқын берер.
Бүгінгі әупілдектер айқайынан,
Құлақты бітап алып қашқың келер.
***
Бүгінгі ән көкейіне татымаған,
Айтты бір ашулылау ақын адам:
-Шіркін-ай, ерік берсе көп әншіні,
Қамшылап қуар едім сахнадан.
***
Біреудің батып жатып айда арманы:
-Қозғаңдар, итеріңдер қайта арбаны.
-Қозғалды...
-Қалай қарай?,-деп сұрағам,
Бірақ та ешкім жауап қайтармады.
***
Көп жайға түсінбепті аңғал басым,
Білгіштер бұл сөзіме таңқалмасын.
Ептілер ауыстырып алған екен,
Қоғам мен өздерінің жаңқалтасын.
***
Ей, досым, арылтады сорыңды кім?
Байқасам біз болыппыз қорың бүгін.
Бастықты айтпай-ақ қой, хатшы қыз да,
Бұлдайды астындағы орындығын.
***
Жаманда – жамандықтың табы жатар,
Ілессең шылауына Тәңір атар.
Бір бақыт жақсылармен жолдас болған,
Жаныңды күншуақтай жадыратар.
***
Сұлу қыз сұлумын,-деп бұлданадаы,
Астамсып, менмендігін құлданады.
Қадірін білмей сыйдың Құдай берген
Ақыры тулақ болып тұл қалады.
***
Дүниені дүбірлеткен бір сен бе?..
Қос қолыңмен алтын күреп жүрсең де,
Ана жаққа аттандырған ағайын
Кебініңе қыстырмайды бір теңге.
***


Құмар емен қулықпенен, айлаға,
Адал жүріп ақ сөйледім қайда да.
Адалдықтың кір шалмаған ақ туын,
Айырбастап көргенім жоқ пайдаға.
***
Кегежектеп, керенау боп тартынба,
Жақсылықпен жолдас болып жарқылда.
Сен өлгенмен ақырзаман орнамас,
Үлгі алатын ұрпағың бар артыңда.
***
Ел-халқыңа жексұрын боп көрінбе,
Естілмесін қарғыс, таба төріңде.
Адамзатқа қастық қылма өмірде,
Тыныш жатқың келсе егер де көріңде.
***
Көз аартпа бақытына басқаның,
Ашық болсын азаматтық аспаның.
Жауласуға, дауласуға уақыт жоқ,
Мынау өмір бар болғаны қас қағым.
***
Шөлдегенде су бермейтін ұрттарға,
Айтқаныңа сенетұғын жұрт бар ма?!
Ақ сөзіңді қаперге алмай кейде жұрт,
Шұлғи қалар қушыкеш пен қырттарға.
***
Тұла бойын буып керім кісілік,
Бір азамат сөз сөйледі ісініп.
Байлық пенен барлық екен айтпағы,
Мен қайтейін, қор болдың-ау түсінік.
***
Торғай құрлы ақылы жоқ миында,
Жалған сөйлеп кетірді әбден сыйын да.
Ұялатын беті жоқ қой шіркіннің,
Ондай жанға өтірік айту қиын ба.
***
Қарғадайдан көрген едім жортағын,
Мансап қуып төрін алды ортаның.
Сол орнынан түсіп қалса бір күні,
Өліп қала ма деп қорқамын.
***
Арақ еді бар кәсібі бастағы,
Албастыдай айналдырған қасқаны.
Үш күн арақ қойып еді, сол шіркін


Кісімсініп ақыл айта бастады.
***
Күн санап саусақ бүктік жабыла кеп,
Айлықтың түсетұғын шағы ма деп.
Ал шалдар жылайды екен күн батқанда,
«Бір күнім өтіп кетті-ау тағы да»,- деп.
***
Алып ұшқан замандарға жыр керек,
Сағынысқан адамдарға сыр керек.
Алла сөзін айтқан ақын өлмейді,
Ақындардың өмірлері бір бөлек.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы