Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  113


Автор: Мұрат Өскiнбаев

ҚЫРЫҚ СЕГІЗГЕ ТОЛҒАНДА

Жасым бар қырық сегіз, жылым қоян,
Жан-жаққа көзің салып, көңіл, оян.
Таянып жас ортаға келіп қалды,
Бұл дәурен болар дейсің кімге баян.
Уақыттың бірі кейін, бірі ілгері,
Бұл біздің болып отыр жүрекке аян.
Малыңды өз орнына жұмсамасаң,
Өзіңді шағатындай болып шаян.
Әркімдер не болған жоқ жас күнінде,
Алды-артын байқамайтын мас күнінде,
Аңдитын алды-артыңды шама болып,
Елуге келіп қалды жас бүгінде.
Белгісін үлкендіктің мұнан білем,
Тартылар алдымызға бас бүгінде,
Жастықпен қалыптанған төл көңілім,
Түзеліп бағып алып басты жөнге.
Ақылмен албырттығың шалыс түсіп,
Екеуі болып отыр қас бүгінде,
Әйтсе де албырттықты жеңе түсіп,
Ақ көрінер сақал мен шаш түбінде.
Келгенде жас қырыққа сұрың кетер,
Бет ажар жылтыраған нұрың кетер.
Сол күнде кәрілікті мойындасаң,
Ісіңнің барлығы да қырын кетер.
Өлімді алда тұрған жақын көріп,
Көңілі басқалардан бұрын кетер.
Өзіңе пайда болып көңілшектік,
Қоржитып тұла бойды түрің кетер.
Таусылып өз қатарың жалғыз қалсаң,
Мұңдасып сөз айтатын сырың кетер.
Еске алып үлкендікті ниетіңізге,
Қалған сөз кейінгіге бұрынғыдан,
Айтылар бұл әңгіме бетіңізге,
Басыңа қартайғанда жарлық түссе,
Ешкім де қарамайды кейпіңізге.
Келін мен ұл, қызыңа қонақ болып,
Түсесің жатып ішер кейпіңізге.
Айтылған қарамаса сөзіңізге,
Дарытсын мықытылықты өзіңізге.
Отыз бен толықсыған қырық мезгіл,
Көрінбес енді қайтып көзіңізге.
Баласы бұл адамның не болған жоқ,
Жастықта кезіп жүрген кезіңізде.
Қартайсаң қатын, бала зор болады.
Қауқарсыз ауыр жағдай кез болған күн
Өзіңнің қара басың қор болады.
Алдыңнан ой-шұқырды болжай алмай,
Аяққа бәрі бөгет ор болады.
Күнелту өлі-тірі арасында,
Басына бишараның сор болады.
Шелектің қақыраған шабағындай,
Денеңіз бір езілген бор болады.
Талпынып жүретұғын шамаңыз жоқ,
Үлкендік басқа киген тор болады.
Суалтып тамырлардықан жүретін,
Қуысып буындардың шор болады.
Жауырының жүн тыққандай күржиеді,
Текедей тарттырылған бүржиеді.
Адамдай іші ауырған қыртыстанып,
Маңдайың тоғыз қабат кіржиеді.
Уақытша күнелтесің жатып үйде,
Қалмайды ақыл-пікір бас пен мида,
Кәрілік нардай шөгіп жайнаған күн,
Болады жағдайыңыз ауыр күйде.
Кәрілік ет-жоныңды тауысады,
Ақылың әр жерлерге ауысады.
Өзіңді жаурағандай қалтыратып,
Әр бәле буыныңа жабысады.
Тәп-тәуір асқазаның бұзылған соң,
Қарының қабырғаңмен қабысады,
Тәніңіз жаратылған топырақтан,
Бірігіп ақырында табысады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу