Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  68


Автор: Мұрат Өскiнбаев

ЖАРАМСЫЗ ӘДЕТ

Жоқ болса қолда бермейді,
Бар болса оны күндейді.
Бірге жүрген жолдасың
Ертең сені көрмейді.
Бір уақыт бақ қонса,
Жүздікке жаны тақ толса,
Сенімен бірге жүрмейді.
Талайын көрдік мұндайдың
Орнықты дәуір сүрмейді.
Кімнің жақсы, жаманын
Айырып тағы білмейді.
Өзіне салсаң білгенсіп,
Тәуір болып жүргенсіп,
Көп алдында үндейді.
Қатар жүрген құрбының
Осымен көңілі кірлейді.
Біреулерді шет көріп,
Жүрген тасып өрлейді.
Жақынсып тартып өзіне,
Күлімсіп қарап көзіне,
Ымын-жымын бірлейді.
Байланыс жасап ішіп-жеп,
Азғана күн дүрлейді.
Ондайлардың әдетін
Тексеріп, біліп жоймасаң,
Шындыққа ісі кірмейді.
Жағымпаздық жағдайда
Біреулер ауыз жаласып,
Сыр-сипатын анықтап,
Көңіл кілтін тағы ашып,
Қамқорлыққа алынып,
Күй жағдайын санасты.
Байланыстың күшімен,
Жұмысы болды бірыңғай
Бір-біріне қарасты.
Біреулер өзін зорсынып
Бақыт қуып, таласып,
Азаматтық жолынан
Осындайлар адасты.
Аяғыңды аңдап бас,
Айналып кетпей сұмдыққа.
Жүректі соғып ел үшін
Түсу керек шындыққа.
Сабыр тұтып адал жүр,
Абыржып албырт ынтықпа.
Байқаусыз жеңіл ойменен
Арамға басты құр сұқпа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу