Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  116


Автор: Зәкәрия Сағындықұлы

КӨЛДЕНЕҢ ЖАТҚАН МАҢҒЫСТАУ

Көлденең жатқан Маңғыстау –
Қар жатпайтын ой еді.
Сарыарқаны жаз жайлап,
Қыстыгүні болғанда
Күнде жиын-той еді.
Сауын айтып бес-оннан,
Мыңдап қырған қой еді.
Жиынға жүйрік жаратып,
Басын көкке қаратып;
Талай қостық алқаға
Қаншырдай бұтын таратып.
Белдеуге қойдық байлатып,
Арқан тағып, аунатып.
Алмадай мойнын үзілтіп,
Жал-құйрығын сүзілтіп,
Көк ала сауыр, көк шона,
Терлікке салып мақпалдан,
Қызықты сонда көргенмін.
Күйіне салып шіркінді,
Қаңтардық талай кіжінтіп.
Ортадан ойып олжа алдық,
Халықтың аузын қаратып.
«Қосайлап» ұран шақыртып,
Төрден сүйреп жапыртып;
Мінбеген жылқы қалдырмай,
Көтерме үшін қапылтып.
Сүйтіп жүрген қызықтан
Айырды Құдай шатылтып.
Бұл күндері болғанда,
Бақытым қайтты шабылып.
Анығын ашпай қылмыстың,
Түрмеге бізді қамады.
Қарумен баққан қарауыл
Қойдай айдап, санады.
Жаны ашыған азамат
Көлденеңдеп жанады.
Қоғалы көл мен Қоңырсай –
Төңірегі малға жай.
Сол қоныста жүргенде,
Елімнің болды бәрі бай.
Топырақшашты, Наршөккен –
Қонысым еді күл төккен.
Ежелден мекен жер еді,
Ата-бабам белгі еткен.
Ақ орда тігіп, ас беріп,
Салтанатын оңды еткен.
Бұрын-соңды, байқасам,
Жоқ екен бәйгім құр кеткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу