Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  121


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

ХАЛҚЫНА ЖАҚҚАН КӨБЕЙСІН

Бісімілә деп бастасам,
Асылыққа жазбағай,
Жаратқан Алла-тағала-ай,
Сөйлесем бізге жәрдем ет.
Әулие-пірлер сахаба-ай,
Жаңылтпағай тілімді.
Жыр базарын құрғандай,
Қырық жыл нұры балқыған,
Мұхамбет Нәби туғандай,
Ар жағы Әнес Сахаба
Исләм болды дініміз.
Алты мың да алты жүз,
Алпыс алты әйеТ ҚҰрандай,
Еңбекші ерге сөз бердім,
«Стахан» колхоз бастығы,
Жұмағазы Көбейсін,
Жасаған Түрікменстанда-ай,
Барымды базар етейін,
Сыйлауда басым тұрғандай
Батыр мен мырза, шешендер
Ел билеген көсемдер,
Нешелер жақсы өткен жоқ,
Қалың қазақ ордаңда-ай,
Осындай ердің біреуі,
Көбейсіндей жайсаң ер.
Қазағымның ішінде,
Елеусіз қалған ел емес.
Келімберді-Құдайке,
Екеу болып туғандай,
Орнаған жері дұғаның.
Тобыш пенен Мұңал ғой,
Балықшы мен Жеменей,
Ерлерім шыққан ішіңнен,
Айтқанда сыйар бұғанда-ай.
Құнанорыс, Ақпан бар,
Ежелден ерлер ұрандай,
Құдайкеге келгенде,
Тәзіке-Қосай әуелі,
Бәйтерегімсің мәуелі,
Сол себептен Қосайды,
Қайда барып жыр айтсақ,
Жүргіземін әуелі,
Алты арыс Қосай болғанда,
Айтуға пәмді аймағың
Ерлік пенен биліктен,
Кем болып еді қай жағың,
Қасиетті қазақ халқымсың,
Асылың қайсар болаттай,
Жүйрігің шауып жүлде алған.
Көрсетіп айтсам бағаңды-ай,
Елдің өзі айырар,
Жақсы менен жаманды-ай,
Мырза менен сараңды-ай,
Одан бері сөйлесем,
Қасиетті Мұңал тайпамыз,
Жұмағазыұлы Көбейсін,
Ер бақытын құттықтай,
Сыбағаңды тартамыз,
Біз жүйріктік сойымыз,
Ішінен Бекет пір өткен,
Туына елді түнеткен,
Әли менен Шоғымыз,
Шоғының екі баласы,
Есекей мен Жолайдай.
Егескен күні ішіңнен
Қырық мылтық пен қырық жігіт
Ерлерің шыққан қалаулы-ай,
Атадан айта келгенде.
Есекейдің баласы,
Бәкілік пен Тікенек,
Тікенектен бес бала,
Құттықадам, Бозша мен,
Қармыс, Сармыс, Сексенбай.
Сөз келеді сізге тікелеп,
Мінейтұғын мінші бар,
Сынайтұғын сыншы бар,
Әр елде де жыршы бар,
Алыстан аяқ салғасын,
Жаңа келдім төрелеп,
Сармыс батыр Бозшаға,
Азырақ арнап айтамын,
Әлеумет халқым тыңда деп,
Бірі шебер, бірі ер,
Сам, Шеркешбай кешегі.
Жанықұл мен Өтеміс,
Айтуға толық деген жыр,
Ер Сармыстың інісі мен баласы,
Дауымшар мен Құдабай,
Шапқан жауға шыдамай,
Ел қорғаған осы ерлердің,
Жем бойында моласы-ай,
Құлжігіт пен Төлепке
Сөзімнің тарттым желісін,
Дәулетнияз шебер бар,
Адайға, салған үлгісін,
Маңғыстау, Үстірт жерінде,
Мола салып өлгенге,
Жүз қой менен он қара,
Бір тамнан алған жүлдесін,
Нешелер жақсы өтулі,
Нашарға жәрдем етулі,
Онан бері сейлесем,
Жұмағазы Төлептен.
Шайырың баян етулі,
Ашайын сөздің тиегін,
Кем деп елі айтқан жок,
Өтеміс ердің бұ жерін,
Дауымшардың жауда өлген
Өтеміс алған сүйегін,
Жұмағазы бұ да ер,
Ойлап көрсем әлеумет,
Есекейдің әуелден,
Ерлігі мен билігі,
Сайраған даңғыл жол дейді,
Әшкертем арғы атаңнан,
Асыл ердің сойысың.
Жұмағазыұлы Көбейсін,
Аман-сау келіп еліңе,
Қосылдың қайта қатарға,
Елің мен халқың қуанып,
Төраға сайлап, өзіңді.
Колхоз болып құралған,
Қабырғадан қан кешіп,
Шыбын жаннан баз кешіп.
Байрақ, орден, баға алған,
Атағың мәлім қоғамға,
Ағаң шашу сөз берді.
Келген соң аман солардан,
Колхозды келіп нығайтып,
Абырой, атақ тағы алған,
Сабырлы сахи басшысын,
Асылың таза болатсың.
Ақсұңқар құстай таранған.
Майыспай бірден сынатын,
Өзіңе теңдес кісі жоқ,
Өлшемі артық тұратын.
Бесқаланың төрінде,
Осы күні кімдер бар.
Алдыңа сенің шығатын,
Бетегелі боз дөңдей,
Пейіліңнің кеңдігі.
Арғы атаңыз Тұрмамбет,
Адайдан қалса Мұңалға,
Белгілі еді бірлігі,
Қарасам байқап бақыт құс,
Үстіңе келіп қоныпты,
Дауымшар мен Құдабай,
Екеуінің ерлігі,
Сахилығыңды байқайын,
Нағашыңды айтайын,
Құнанорыс ішіндс,
Бес Қожамшар Кенжебай,
Үстіне әсем үй тігіп,
Нар асылын алдырып,
Күмістен мұрындық салдырып,
Жүз түйе тіркеп қыз берген,
Сахи Ерпан сол екен,
Тұсында болған кісілер,
Ерпандай болсақ дер екен,
Қыз ұзату жөнінде,
Қара үйлі Қазақта,
Адай түгіл Алашта,
Өз еркімен қыз беріп,
Теңіне қосқан жылатпай,
Үлгі салған сол екен,
Атаңнан қалған ерлік бар,
Анаңнан қалған кеңдік бар.
Соғыста жүрген екі інің,
Келер де деген аман-сау,
Бұлардан үміт-тілек бар,
Барына әзір шүкір ет.
Халқыңа өзің қалаулы,
Заманға тұрсың жарасып,
Уақытымыз біткен күн,
Бұл жалғаннан кетерміз,
Біреуден-біреу адасып,
Мезгілді дәуір біткен күн.
Жалғанда адам тұрмаған,
Жүзігімен жұтып, Жүністі.
Қайғы оны шырмаған,
Сөз шығарған өз ағаң,
Айттым деп сөзді бұлдаман.
Арада сөздер болмаса,
Мақтады деп өз табын,
Айтып жүрген күнімде,
Ақ ішік, мауыт, нарды алдым,
Төс табаны түрілген,
Жорға да алдым сүрілген,
Сұлулардан шай іштік,
Мәжілісте көрінген,
Ақ самаурын, ақ білек,
Шай құйғанда назбенен,
Қас-қабағы керілген
Тәңірім берген екі аяқ,
Жер басуға ерінген,
Мереке, жиын, тойларда,
Өлең айттық, жыр жырлап.
Әлі Тауанның Асында,
Орданы жықтық тігілген,
Бұл күндері болғанда,
Қайғы-қасірет қабаттап,
Көп айтуға дәрмен жоқ,
Қара шал болдық бүгілген,
Ұзақбай-Сүгір-Шамғұлы,
Он екі ата байұлы,
Сегіз арыс Адайдың.
Бұлбұлы едік сайраған.
Қалды деген хабар бар,
Жасы жетіп қартайып,
Үшеуі де пайдадан.
Бірден-бірге жер ауып,
Қонысынан ел ауып,
Ата мекен Маңғыстау,
Көретін күн болар ма.
Қартайғанда елім мен,
Қоныстанып бір ауық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу