Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  87


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

АЙДАЛАҒА АЙДАҒАН АЖАЛ

(нағашым Айтан рухына)
хикая
I
Жарғағын құлағының гуіл жарып,
Безеді елірген күй қиырды алып.
Құйғытып қырларды аттай торы бесті
Шабады жал-құйрығы суыл қағып.
Көңілін тұлпарлықтың хошы баурай,
Шабады ат төрт аяқта өші бардай.
Қалды артта қолға үйренген тұсаулы күн
Қорада қапа болған көсіле алмай.
Кең дала беріп бойға серпінділік,
Жарысып желмен жүйрік желпінді үміт.
Даланың маң төсінен көктей өтіп
Жүйткиді торы өзін еркін біліп.
Суықпен сіреседі андыз дала,
Қатқақ жер кейінге із қалдырмады, ә!
Зырлайды қара ноқат көз ұшында
Елі жоқ жапан түзде жалғыз ғана.
Торысы саф ауамен жүзді ілгері,
Қарт адам тосаң құлақ тізгіндегі.
Қос тізе қозғалтпайды – сыры мәлім
Тоңдырды қолын енді күздің желі.
«Бұл қашан, Құдайым-ау, болдырады?» -
Тырмысып тоқтатқандай болды тағы.
Шеті жоқ сұр далаға шақыратын
Жан-жақтан шұбатыла жол құлады.
Қайратын мойындаған қатарлары,
Кешегі ер – шарасыз жан жапандағы.
Алаңдап ат үстінде жас баладай
Тізгінді келмей қойды тартарға әлі.
«Алмадым атқа шауып бәйгіні қай,
Болар деп ойлаппын ба жәйді бұлай?
Ер едім тұлпар баптап, асау мінген
Қалдың ба, есіл қайрат, ай, дүния-ай?!» -
Барады бұталардан орғып торы ат,
Жағасын күртесінің болды ықтамақ -
Айтекең күйінеді қарттығына
Бір атты тоқтата алмау қорлық санап.
Біз деген ескі сөзге сеніп едік,
Ал және талай жерде «жеңіп» едік.
«Ауылға апарар деп» жіберді қарт
Босатып аттың басын, беріп ерік.
Сызы бар күз дегенің айбарлы кез,
Сызылмай қою кешке айналды тез.
Тұп-тұнық тұман басып айналаны
Бұлт бүркеп аспан бетін – байланды көз...
II
...Аяққұм. Жері шүйгін, бетегелі,
Қашаннан жылқышылар мекені еді.
Маңайда үйір-үйір жылқы жусап
Әр бала құлын таңдап жетеледі.
Көп жылқы – жирен, торы, қара, қылаң,
Ұзамас Бозашының даласынан.
Ауылдың әрбір күні думан дерлік
Қымызы үзілмеген сабасынан.
Бабадан жылқы жайлы тәлім іліп,
Жетілген жігіттердің жалы биік.
Қойыңды анау-мынау місе тұтпай
Ту бие сояды екен алып ұрып.
Десек те көріп келген кім арғыны,
Жөні жоқ көрудің түк күмән мұны -
Жұп-жұмыр тоқ балтырдай болад дейді
Сары ала қазысының жуандығы.
...Жаз өткен бие сауған, құлын байлап,
Сілкілеп гүл етегін түрінді аймақ.
Суық күз батырады атырапқа
Бұлт болып, қырау болып сұғын жайлап.
Бір күннен – қыстың қамы – бір күн ауыр,
Ұмытқан тыныштықты жылқылы ауыл.
Талап сол өздерінде – «қысқа бізден
бір жылқы бармау керек сырты жауыр!».
Тамызық қажет, сірә – томар жиды,
Бастырды шөп-шаламмен қонарға үйді.
Сыралғы қыс жайынан дейді үлкендер -
«Қамданған қай кезде де болар күйлі».
Өктем күз қалауымен «жөнге келіп»,
Мұнартқан сұр маңайды көрме делік.
Ызғарлы күзбен қабат жүріп жатты
Шаруасы бұл ауылдың дөңгеленіп.
Бітуін жер қарада мақұл біліп,
Соймаққа күзгі соғым қапылды жұрт.
Үйірді айдап келіп кеш алдында
Жұлына жылтыраған жабағыға
Сілтеді бір бозбала батыл құрық.
Мүлт кетті – тоз-тоз болып үйір безіп
Үріккен жабағы әлгі атылды сырт.
Қаусырып ішті тарта айыл, тартпа
Келтіріп мінгі аттарын дайын бапқа -
Тұрған-ды тосқауылдап аттылар кіл,
Тұс-тұстан шапты андыздап қайырмаққа.
Кең дала ашып жолын жоны қара,
Шығынды жабағысы долы дара.
Өзгелер үйір жинап, жабағының
Бір атты кетті жалғыз соңын ала.
Бұл жампоз ауыл қарты Айтан еді,
Мәрттігін риза боп айтар елі.
Түскендей қарттықпенен шын егеске
Қайран жан, жас жылқыны қайтар енді!
Сексен жас күш-жігерін сарқа сорып,
Кей кезде ат үстіне қайта қонып,
Жүретін әдетімен дәл осы күн
Бір шетте тұрған еді қалқа болып.
Тап қылса талайлы істі басқа Құдай,
Боларың мұрсат екен қасқа бұлай!
Қоршауды осы тұстан бұзып өтіп
Аулаққа жабағының қашқанын-ай!
Даурықты кейінгілер «ай, шалың!» деп,
«Шаптың-ау, қауқарыңды байқағың кеп! -
Не бопты бір жабағы Айтекеңе
Бағынған талай үйір тарпаңы көп!».
Кеткенмен сыры қарттың сыны кетпей,
Жүруші ед ортасында бір жігіттей.
Сондықтан қауқылдады қалың жұрты
Кәнігі жылқышы деп күдік етпей.
Күн мұнар, хабары бар тас тұманның,
Соқыр көз қарт адамды састырар шын.
Көз жазды алдындағы жабағыдан
Сұлбасы ғайып болды аттылардың...
Жігіттер ойға алмады күмәнді түк,
Қарайды соны ерлікті бұдан күтіп.
...Ауылдан ұзап шыққан күн батарда
Аттыны қойды лезде мұнар жұтып.
«Қайда,-деп болды кезі оралатын» -
Күбінді ауылдағылар қонаға-түн.
«Бала емес, келер, деді енді бірі –
Жол білмей жер қарада жоғалатын».
Айнала меңіреу түз – түнгі реңі,
Үрейлі жылқылы ауыл дүрлігеді.
«Әлгі қарт құлағы ақау, көзі нашар
Апырай-ай, кетті қайда, кім біледі...».
Кемпір-шал, бала-шаға, келін-кепшік,
Қыз-қырқын – үрпиеді сенім кетіп.
Жігіттер атқа қонды келмегесін
Іздемек қартты өзінше жер індетіп.
Бір белгі естілер деп тірі жанға,
Тарады «Айтандаған!» үні маңға.
Кеткендер сай-саланы сүзіп таппай
Оралды бірі түнде, бірі таңда.
Іздеді апта бойы – табылмады,
Келмеді ауыл-аймақ сабырға әлі.
...Қайтадан қосылыпты ертесіне
Жабағы үйірге кеп бағымдағы...
III
Мүлгиді шаршаған ат жынын басып,
Кешеден адуыны бүгін бәсік.
Шал қарар айналаны тани алмай
Жанары бұлдырайды нұры қашып.
«Қайдан жүр қара күзде Үстірт бетте?» -
дейтіндей жел мен дала сыбырласып.
Қара іздеп қараса қарт үмітпенен
Сыр бермей үнсіз әлем тұр ымдасып...
Қараша. Күні суық, таң қыраулы,
Ұйқысыз Айтекең қарт қалжыраулы.
Біле алмай, айыра алмай – бағыт қайсы
Келеді жалғыз ойлап сан сұрауды.
«Ақыры сұрастырып білер елді,
Кездессе тілдесер жан» - тілегі енді.
Қол бұлғап шақырғандай тұстың бәрі
Айтекең жүре берді, жүре берді.
Бұтында сырма шалбар жалаң қабат,
Келеді жел өтінде амалдап-ақ.
Түн болса телміреді қара аспанға
Жұлдызбен жүрер жолды бағамдамақ.
Суалған көрсін, бірақ көзі нені,
Күн сайын шаршағанын сезінеді.
«Кезінде сұм соғыстың пошташы боп
Аралап Маңғыстауды кезіп еді, -
еске алып өткен күнін отырды қарт -
талай қыс жолда қалды – төзіп еді...»
Намысты жігіт болды мінезі шалт,
Ақ сөйлеу, адал еңбек – білері шарт.
«Бір рет келер болсаң қайта айналып!» -
Атына төмпекке кеп мінеді қарт...
Осылай алаңдаулы өтті күндер,
Көп жүрді – барған жердің жоқ бірінде ел.
Ас-сусыз әлсіреді Айтекең қарт
Торы тұр ұйпалаған шоқтығын жел.
Санайтын інілерін ер еді деп,
Көп күтті арттан жоқшы келеді деп.
Белдікте қара қанжар былғары қын,
Жетекте торы атымен – сенері тек.
Күндізі түндей болып түнеріп кей,
Құбылар – шарасыз қарт тірі өліктей.
Қалсам да мен байқамай – біреу байқар,
Деп жүрді күні бойы тізе бүкпей.
Аулауға жетер дейсің әлі кімге,
Қаужаңдап ас татқан жоқ әлі күнге.
Аштық пен суық жетіп титығына
Қиындап бара жатты халі мүлде.
Бұлыңғыр не болары шақ алдағы,
Қыс келген – мінбегенмен қаһарға әлі.
Соймақ боп күш барында қанжарын ап
Торы атқа барды, бірақ бата алмады:
Ұшқан құс қиялыңда жолығар түз,
Жан-жағын бажайлаумен торығар жүз.
Қиырсыз сахарада ес тұтатын
Тіріден жолдасы осы торы жалғыз!
Басына неше түрлі күмілжі ой кеп,
Отырды жақсы үміттен түңілмей тек.
Тимеді қиын кезде бұл торысы
Әйтеуір, аяқ артар тұғыр ғой деп.
Айнымас шаршаса да амалынан,
Нұр жүзді келісті қарт - жан арыған.
Дірдектеп бір шетіне бүк түседі
Тап болған жалғыз мола пана бұған.
Жұтқынға су татыған кермек толып,
Ұзақ күн қара іздеу ермек болып -
Жата алмай тағы шықты ілби басып
Бір шолып айналаны келмек болып.
Құла дүз – жұмбағы іште жылмияды,
Жылусыз тербетеді күн қияны.
Тып-тыныш дала мінез жасырды не –
Шаттықты, әлде сойқан-сұрқияны...
Аяз кеп шымши ойнап жымыңдар жай,
Сыр бермес безер дала мығым қандай?!
Ашқандай құлағының тосаңдығын
Тыныштық сақ-сақ күлді жын ұрғандай.
Бұл оның соңғы күші-дәрмені еді,
Құрыды... осы ма еді әл дегені!..
Үн-түнсіз қоршап алып мұны тылсым
Тұрғандай күтіп енді әлденені.
Айдала аждаһадан аумай қалып,
Түлкі-күн қашты қырдан заулай жанып.
Бұталар қаңқа сынды түрегеліп
Үнсіздік сыңсиды кеп зарға айналып.
Жанарын жаулап алып елестер кей,
Өршиді ібіліс-жел теңес бермей.
Бөліп ап ортасынан Адам ұлын
Табиғат сынағандай, егескендей.
«Бейнетке жібермеп ем хақымды көп,
Азуын айдалада батырды кеп» -
Көп тұрды Айтекең қарт қыр басында,
Даламен қоштасқандай ақырғы рет.
Өтті енді - елді іздеп шарқ ұрған күн,
Сезеді жүрегінің алқынғанын.
Далаға шықпақ түгіл, тұруы мұң
Ұққан-ды шамасының сарқылғанын.
Қарайды көзін тіктеп жолдарға әлі,
Жүруге қауқары жоқ – қорланғаны!
«Көмусіз қалмаса екен сүйегім» дер -
Соңғы үміт, соңғы ойы, соңғы арманы.
Көңілді көмескі мұң иеленді,
Құр сүлдер - өзі әбден жүдеген-ді.
Ел табу – арман болды құр далбаса
Ит-құсқа жем болмаса сүйегі енді.
Жел ойнап «шап, шап» деумен құлағында,
Елірген сол бір күні құр ағынға -
Торы тұр арса-арса көні кеуіп
Қора мен дорба мүмкін қиялында.
Басы бос –кете алмайды шыр айналып,
Ер-тоқым адыра енді бұған анық.
Малғұндай ыңырсыған бір үн шығар
Сәтінде кісінеген тұра қалып.
Белгі етер қолда барды күйге реттеп,
Бекіту жолда жатты ирелектеп.
Белгі деп іздегенге қойды әрең
Төмпекке құранды ерді сүйрелеп кеп.
Бұл енді – үкілі үміт қалып қағыс,
Өзінің қауқарынан тарыққан іс.
Тұсау мен белдік түсті шұбатыла
Молаға барар жолды бағыттағыш.
Тірлікте жүре алмайды мәңгіге адам,
Бұл жалған талайлардан қалды қараң.
«Мұнда!- деп – іздегенің» қол бұлғардай
Бұтада тоқым тұрды жалбыраған.
Шақырған сыр тұрсын деп әр істе мән,
Айтекең берді осылай маңыз бұған.
Қос тартпа – қос танаптай созыла кеп,
Ілінді қайыс жүген ауыздығынан.
Бір хабар жолдап маңға бұл хақында,
Айналып айтары бар сұлба-шынға -
Күртені жамылған түп қалың бұта,
Адамдай қарауытар қыр басында.
Панасы – төрт құлақты күмбез еді,
Тәу етіп, мұны да ешкім іздемеді...
Құлаққа күнгей беткі бас киімін
Кигізді – бұ да өзінің бір дерегі.
Жапанның жылтырайды айлы төсі,
Ұлыған қасқыр даусы –қайғы сесі.
Ес тұтып қолына алды қос қаруын –
Қанжар мен қамшысы – айбыны осы.
Түн кетті – толы үрейін қашыққа алып,
Қарайды ызбар сәуле шашып жарық.
Ендігі қайратыңды көрсет дейді
Аппақ қар айналаны басып салып...
IV
Жасырып жариядан тірлігін кей,
Қыс өтті қылмысты ісі дым білінбей.
Кешегі аяз да жоқ, ызғар да жоқ
Көктем боп көтерілді күн күлімдей.
Ел отыр – түрік құлақ, алаңдаулы,
Жанары жалғыз жүрсе - қараңға ауды.
Қыс бойы сұрастырды хабар салып –
Жеткізер сәлем соңы – таба алмауды.
Тамылжып тамған нұры жайдары шақ,
Жігіттер атқа қонды сайланып ап.
Келмеді, өлі-тірі бір дерегін
Бұл жолы таппай келмеу – байламы нақ!
Көрмеген ұзақ қыста сыры ашылып,
Бір бөлек кетті дереу қырға шығып.
Сор қайда, жыра-жықпыл – бөлінді олар
Екі-үшеу ғайып болды құмға сіңіп.
Бусанған көз айырмай тың даладан,
Қырағы әр төбеден сыр қараған -
Қос атты ілінгенде құла дүзге
Күрте мен тоқым болды «мұндалаған».
...Дағдарып тамға отырды арқа сүйеп,
Айғақтар – қамшы менен қанжары тек.
Шашылған жылқы және адамзаттың
Ағзасын танытады қаңқа-сүйек.
Күдікпен әрқашанда егіз-ді үміт,
Күткен-ді жақсы хабар ел үздігіп.
Жібермей алып қалған қайран қартты
Жер екен ауылынан сегіз күндік.
«Сорқұдық әкем қонған сорға бола»,
Кеңесті ағайын-жұрт жөн-жораға -
«Топырақ тартқан шығар» десіп олар
Жерледі көрші қылып сол молаға...
***
Бұл өзі аңыз емес, дерек еді,
Айтады бұл күндері сирек елі.
Ескі сыр, оқтын-оқтын оралып кеп
Айналып шықпай қойдың неге мені?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу