Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  93


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

Көңілім – көгал көктемгі...

Көңілім – көгал көктемгі,
Қиялым - аспан тұңғиық.
Қия алмай тұрмын өткенді,
Қол бұлғар алдан шың биік.
Бұлттарда ұлпа бар едім,
Тау-тастан, сірә табасың.
Жайлаған менің әлемім
ГҮЛ менен АЙдың арасын.
Таба алмай түсер әлекке,
Танытқан жандар айбатын -
Сұлулық деген жүректе,
Жырымда жатыр қайратым.
Қайрылып назар бөлсең сәл,
Көңілің толар кемерге -
Айырбастамас нәрсем бар
Теңге мен таққа, беделге!
Мойныма тақсам - ай-алқа,
Басыма кисем - тәж алтын.
Жүзіктей қолда құмарта
Айналып келіп қарарсың.
Үмітпен күтем күнімді әр,
Жыр қанатында – дәуренім.
Жалғыз емеспін, жырым бар –
Жасаған Ием, тәубе мың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу