Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  113


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

МҰРА

Өмір-жалған - кетті әкем адыра ғып,
Жұбатады бізді кеп жабыла жұрт.
Көп адамның қолынан кебінге орап
Жан әкемді қалыпты қабір алып.
Қимас жанды қия алар өлдіге кім –
Оңайлықпен түрім жоқ көндігетін.
Құлағандай қабырға сыз еседі
Төр алдында, біз түгіл орны жетім.
Қора барсам – қой, бота, түйе мұңлы,
Жылқы даусы үгітті-ау сүйегімді.
Шыға келер қай жақтан қара шал дер
Мал да болсаң, сеземін тілегіңді...
Қиға шығып қиялап жұлқынды лақ,
От жанарда іркіліп тұрдың сұрақ!
Ер-тоқым, жүген-құрық – жақын барсам
Жылап қоя берердей тұр тұнжырап.
Келер дейсің тағдырға кімнің әлі,
Жігерімді әрбір сәт құм қылады.
Күні кеше көзге ілмес бұйымдардың
Болды енді мен үшін құнды бәрі.
Көп мұңайдым – тағдырым жоқ-ты иілген,
Күн жылжиды сырторай от-күйімнен.
...Керегеге ілінген қолыма алдым
Тақияны терсіңді көп киілген.
Көңілімнің құлады Құлагері,
Күйкі тірлік жұбатпас мына мені -
Қайта оралып келмейтін ертегідей
Өткен шақтың тағы бір куәгері!
Аққұманның қайнаған тоқ ырғағы,
Көз алдымда сурет со күнгі әлі.
Тақиясын шалқайтып әкешімнің
Терін сүртіп, шай ішіп отырғаны.
Елестетіп өткеннің әр парағын,
Тақияны аударып сан қарадым -
Сетінеген оюлар сездіреді
Салтанаттың кешегі тарқағанын.
«Ажал - әзіл емес қой» - тынады үміт,
Көкейімде ащы зар тұрар ұлып.
Әкем иісін сезіну үшін жиі
Сені ғана алайын мұра қылып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу