Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  88


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

МИКРОФОН

Мың тоғыз жүз сексен төрттің шуағы мол сәуірі,
Кейін білдім, күлімдеген күн көсемнің дәуірі.
Біріншіні нобайлаған оқушымын сүйкімді
Ән мен биге икемім жоқ, тақпақ айтам – тәуірі.
Күн дегенің біздегідей көкжиектен ата алмай,
Анау тұрған үйден шығып, сонау үйге батардай.
Кең далада еркін өскен дархан мінез жайлаудың
Қара көзі ем, Сарға маған көрінді үлкен шаһардай.
«Тас үстінде түйе қарап тұрған шалды көрдің бе?-
Деді ағай: - сәлем беріп сен жүретін бол күнде».
«Менің әкем бурыл атпен кетуші еді жоқ қарап»,
Қарап қоям - күнде тұрар, қозғалмайды ол мүлде.
Мектеп, ұстаз, бөтен ұл-қыз – бәрі-бәрі жат орта,
Бұйығымын, ал сабақта болдым алғы қатарда.
Бағындырып интернаттың тегеурінді тәртібі
Столға кеп қол созамын шеті сынық бокалға.
Үйге деген сағыныштан елжірейді қайнап іш,
Жүріп жаттым. Тарқамады айналаға таңданыс.
Тек бір күні біз түсінбей, ал ұстаздар қапылған
Сыныбымда алашапқын басталды ұлы қамданыс.
Баданадай әріптермен алған дәптер бір бетін,
Маған, сірә тақпақ тиді – бұл жағынан үлгі едім.
Әр шумақты қайырамын сұрақ қойып ширата
Сыныптастар хормен жауап беру керек – білгенім.
«Жақсы айтқанға 5 қоямын». Ұстаз сөзі - күшті үміт,
Дайындалдық. Бұл концертті үлкен міндет, іс біліп.
«Білсеңдер айт, балалар,
Ленин ата нешеде?» -
Десем болды сыныптастар іліп алып хорменен
«114 жаста!» дейді бар даусымен ышқынып.
Келді уақыт. Сап түзедік. Жол бастады ұстазым,
Кең дәлізде нөпір жанға қарсы тұрдық біз қалың.
Бұл алғашқы қадамым-ды алға шыққан ұялып
Және қорқып ұстазымнан өзімді әрең ұстадым.
Сөз сөйлейді кезек-кезек ағайлар кеп ортаға,
Құрметтейді бүкіл бала сатырлатып қол соға.
Мақтайды олар бір кісіні бізге үйреткен көсем деп
«Қайырымды ол, кемеңгер ол, теңдесі жоқ ол – дана».
Кенет ұстаз алға аттатып мені ғана бір адым,
«Асып-саспай тақпағыңды айт, деді жайлап-шырағым».
Нән темірдің қара жібі шумақтала шұбалған
Аузыма әкеп тосты сосын жуан, жалпақ құлағын.
Аң-таң болдым. «Мынау несі? Қайтем енді мұнымен?»,
Ұстазға бір, «қазыққа» бір аңтарыла үңілем.
«Тақпағыңды айт!» - дәл қасымнан сыбырлайды ол нықтап
Қаталдықтың лебі есіп бұйрық сынды үнінен.
Іркілмей-ақ бастап едім, шықты даусым жаңғырып,
Шошып кеттім, тақпақ қалды, тұрдым енді мәңгіріп.
«Айт, айт!» дейді күйіп-піскен жақын келіп тағы ұстаз
Есімде жоқ – өлең жолы, нені айтайын, ал, қызық!
«Бұл дегенің микрофон ғой, тақпағыңды айт, қорықпа»,
Деген апай бастады өзі – оған бұйым болып па?!
Қосылдым мен, апайымның даусы тынды ақырын
Қуат алдым осы жерден үлкен өмір-жорыққа!
Қол соғылды маған тұңғыш – масайрадым, серпілдім,
Өзің барда тайсалмауға уәде еттім – серт ілдім -
Қиындыққа кез болғанда жігер беріп жаныма
Қайран халқым, қарсы алдымда қолың соғып сен тұрдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу