Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  92


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ШЕРҚАЛА

Шақырар алдан алыстан арбап пендесін,
Шерқала шертті сезімнің сырлы пернесін.
Танытпақ болып тектілік барын түбекте
Көтергендей-ау кеудесін.
Тас қорған қамал, жолбарыс қала – Шерқала,
Таңданды талай көз сұғын қадай зер сала.
Төбеңе біреу ақ туын тіксе жеңістің
Тапталды біреу жер қаба.
Дала төсінен атылған көкке барыссың,
Айбарың сұсты ұқтырды құнын намыстың.
Жаныңа барып жоғалған бағзы дәуірмен
Бетпе-бет қайта табыстым.
Қара тасымнан тұтат та төк деп жасын жыр,
Құшағын ашып ұсынды төрін тас үңгір.
Жамбасқа жайлы, жаныңа жылы ғажап бір
Талбесік десем – расым бұл.
Арқалап алып халықтың зарлы шер-мұңын,
Аттандап өткен бабамның көрдің ерлігін.
Шашылған тамшы қанынан өніп-дүреген
Қызғалдақтарын көр бүгін.
Биіктігіңді адамдығыма өлшем ғып,
Ұқсасам саған - өр мінез өжет, еңсем тік!
Жол ашып жатқан, ұласып жатқан секілді
Мендегі баққа шер сендік.
Тарғыл тас сатың өнердің өрін сынай ма,
Сан жылдар жүгін тасуға алға шыдай ма?
Көтеріп алып көрістіргің кеп тұрғандай
Қол берер болса кім Айға?
Айбынды ұран сенделткен дұшпан есірін,
Тасыңды жарып жаңғырыққандай есіл үн.
Төңкерген кесе деп жүр ғой сені біреулер
Сен менің аппақ айдаладағы бесігім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу