Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  99


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

«ТІЛСІЗ» ТІЛДІҢ ДОСҚА МҰҢЫ

Әу баста келгенсің есіктен сығалап,
Кідірмей төрге оздың көңілім ұнап-ақ.
Ақ жүрек халық ек – аңқылдап қарсы алдық
Болмысты қайтемін кінәлап?!
Сезгем жоқ көкейде арамза сыр барын,
Дос болдық - үнімді күлімдеп тыңдадың.
Аңғармай қалыппын, беу сорлы басым-ай,
Білдірмей бағымды ұрладың.
Күшке сап, тіске сап, әзілдеп баурадың,
Мен көндім - жан досын қияды дауға кім.
Әкеттің ұрпақты елітіп өзіңе –
Осылай тарылды аумағым...
Бүгінде арамыз жер және аспандай,
Төбемнен таптаған, апырмай, дос қандай?!
Егемен ел болдық, жоқ менде мүмкіндік
Тұғырға жолымды бастардай...
Емес-ті қуатым ешкімнен кем емес,
Қорым бай – сөз таппай тосылар мен емес.
Төр берген, жол берген, сөз берген пейілім
Болып тұр шырмаған келемеж.
Ішқұса сырқатпын мүжиді дертім кей,
Намыс жоқ, меңіреу сана тұр серпілмей.
Үнімді естімей кезеңдер өтуде -
Өтуде ұрпағым менсінбей!
Дос деген болатын біздерде тым берік,
Бірі үшін қуанып, жүретін бірге өліп.
Осы да достық па - қимаймын жаманға
Алайда барамын күрмеліп...
...Сайрайды жиында ағамыз шүлдірлей,
Сүртемін жасымды өзгеге білдірмей.
Жұбатып қоямын тілімді-анамды
Екеуміз ғанамыз... кім ұқсын мұңымды-ей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу