Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  84


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

АҢЫЗ ДАЛА

Жалғанның алға тартсам ғаламатын,
Айтады арам тер боп балама кім?!-
Төрінен періштелер сусығанда
Күн түгіл нұр шашады самала-түн.
Әр күні құсалы мұң, даудан болып,
Ұйқысыз бабам жүрген жаудан қорып.
Маңғыстау, жетті саған ұлы көшім
Шұбалған Алатаудан, Сауран қонып.
Жақсыға болады әркез құмар қастық,
Талайлы тағдырымен шын арбастық.
Кір аяқ баспасын деп әз кеудесін
Отпаннан алау алып ұрандастық.
Азаптың ес жия алмай тасқынынан,
Талай ер еткен екен басты құрбан.
Жетсе де жылдар күліп, жылау өтіп
Тер сіңді қан сасиды жастығымнан.
Әу баста нұрмен шатақ дүрегенмін,
Жалқы емес жалпы қамын тілегенмін.
«Иә, Алла! Ей, Бекет!» деп тәлтіректеп
Қолтықтан рух демеп түрегелдім!
Тербеген Маңғыстауды Ұлы Кием,
Түледі боз жусанның түбірінен.
Мехнет, Маңғыстауды мың айналып
Ақыры ғазал-ойдан түңіліп ең.
Серпілді азап кері ытырылып,
Келгендей тірлігімнің құты кіріп.
Қауызын ашты гүлдер ен даламда
Енді еркін құлпыруды құқы біліп.
Тіземін тірілердің тартысын қай,
Бәріне куә болған қалқысын Ай.
Маңғыстау, саған құмар жанның бәрі
Жұмақтың бөлек кеткен жартысындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу