Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  51


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

КӨЛГІР КӨКТЕМ

Сандалтты елес санада шөккен,
Жоғалтқан назым бұл менің –
Өзі келуші ед далаға көктем
Шашу ғып шашып гүлдерін.
Табиғат сәтте жасап қалатын,
Жамырай бәрі түргеліп.
Айқара ашып шапақ-қанатын
Жататын сүйіп Күн келіп.
Мейірбан уақыт нұрланар еді,
Гүл төккен киіп жейдесін.
Бусанып маңай бүр жарар еді
Көктемге тән бұл – үйлесім!
Сезім мен шерім белдескен мынау
Құса боп жүрем қашанғы.
Мен күткен көктем кездеспей жүр-ау
Қалада көктем жасанды!
Сырларға малып қызыл да жасыл,
Үйлерді қыздай жасантар.
Суррогат гүлі құбырға масыл
Кінәмшіл келер газондар.
Жалғыз әнімен жалданған тойға
Әншідей құс та жырынды
Ән салған болып зарлардан зорға
Қояды жасап ырымды.
Шынайы келбет шектелген немен,
Болмағандай-ақ бұрын түк!
Көн беті көгіс көктемді көрем
Көшеде тұрған қылымсып.
Далада-дархан, қалада-жыртың,
Көктемде пиғыл бұзылған.
...Елшісі сынды заманақырдың
Арсыздық күлер жыр ұрған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу