Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  309


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ҚАРАМАРЖАН

Ей, менің
Дархан далам,
Гүл далам,
Жұмақ далам,
Тақыр далам, құм далам, құмақ далам.
Ұнап маған құшағың жусан иісті
Өзіңе арнап мен бүгін жыр ақтарам.
Далам менің!
Жомарт едің, кең едің, байтақ едің,
Жылуыңды жөргектен байқап едім.
Сен- Анасың, мен болсам балапан ем
Етегіңде сен өзің шайқап едің.
Мен сені арман етем арда мекен,
Тірлігіңді жырыма жалғап өтем.
Қойныңа бөктеріп ап көмбе жиһаз
Талайды тамсандырдың тарлан өлкем!
Көкжиектен күлгендей шағала таң,
Шуағың бар өзгеден дараланған.
Аңыз болдың талайға ғажайып бір
Кеудеңнен шашылғанда қара маржан.
Қара маржан... қалқыған алтын арман,
Қара маржан- ертеңім жарқыраған.
Маң далам Маңқыстауды майға бөгіп
Атырау алабында сарқыраған.
Қара маржан- қара нан ұртымдағы,
Сен арқылы көмейде жыр тұнады.
Жүрегім Жетібайдан дүрсілдесе
Қан тамырым Доссордан бұлқынады
Прорва, Жетібайым, Мақат далам,
Ақ төсіңнен нәрем ап қанаттанам.
Өзенім - өзегім ең, тіршілігім
Бұлбұлың боп бағыңа қонақтағам.
Қарашүңгіл-қазынам, құтым едің,
Қазаныңнан қарпыта жұтып едім.
Қарашүңгіл әулием, саған сеніп
Үлбіреген үмітті үкіледім.
Аударып талайлардың тәкапбар аңсарын бір,
Мұнаралар даламда ән салып жүр.
Тамсаныпты-ау Төлеген таңдай қағып
Көкірегінен төгілтіп Тамшалы-жыр.
Қара алтыным төселіп қадамыма
Ертеңіме жол салып аттаныпты.
Маңқыстау деп ,мұнай деп, мұнара деп
Фариза ақын жыр-кенін ақтарыпты.
Далам менің-паң далам, маңғаз далам,
Сансыз байлық сап құрған сарбаз далам.
Ғасырлардың арасын әнмен жалғап
Мұнара жүр төсіңде қаздаңдаған.
Салқар дала, өмірлік сен тірегім,
Шалқар бақыт басыңа мен тілейін.
Жыр пернең боп басылып, мың құбылған
Кәусар күй боп төсіңнен шертілейін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу