Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  90


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ЕР МАХАМБЕТ АРЫСЫМ

Қайырылып мойын бұрмаған,
Қазақты тыңдап тұр ғалам.
Текті ұлды туып тамсанттың
Құрсағы құтты сұр далам.
Сұр далам... маңғаз құм Нарын,
Қоңылтақсима құндағың?!.
Ер Махамбеттің есімін
Ұран қылмасам жырға мін!
Кешегі Махаң – арыстан,
Алқынып жаумен алысқан.
Басқан ізіңнен бақ тілеп
Рухыңмен әлем табысқан.
Дүбірің әлі келеді
«Аттандап» салған алыстан.
Біртуар ұл ең, өйткені
Жаралған ар мен намыстан.
Адам боп туған бар талай,
Мас болған баққа шалқалай.
Адам боп туу ерлік пе
Азамат емес арам боп
Нәпақа тапқан әрқалай?
Кешегі Махаң-арысым,
Дала төсінде дабысың.
Жебе едің жауға атылған
Қара қазақтың қамы үшін.
Қапыда өлген қарысып
Елжанды ұлдың бағы-шың.
Қарына ұлдың қамышың,
Қанына ұлттың намысың,
Деген ем, шіркін, дарысын.
Сен өлдің көкте, қыраным,
Жығылмай намыс, жыр -әнің.
Ерлік пен елдік , бостандық,
Әділдік еді- ау ұраның.
Бір келіп көрсең қайтер ең
Тапталған қыз бен ұл арын?!
Бостандық алған ел едік,
Бостандық – байлық демедік.
Қарынның қамы мақсат боп
Кеміріп жатыр шенеуік .
Шенеуніктерде ұрпағың,
Құлқынның күйттеп жүр қамын.
Бақталас, боп тақ талас
Сеземін, жаға жыртарын...
Ақындарым бар алдаспан,
Зорларға жырмен жармасқан.
Арғымағы жоқ астында
Қылыштары жоқ қайрасқан.
Сен өлдің жаудың қолында,
Намыс пен ардың жолында .
Біз бықсып барып сөнерміз,
Айналып тәлкек –ойынға.
Жүрегім болды мұң-таспа,
Қаһарман ата, Сіз басқа.
Күңкілмен өтер күндері
Шерменде болған біз –қасқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу