Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  70


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

САРҒАДА ӨТКЕН БАЛҒЫН ШАҚТЫ АҢСАУ

Сарғаның таңы – арманға толы ең, аңсадым,
Төріңде сенің сөгілтіп едім қанша мұң.
Серпіліп ойдан, желпініп жойғам мұңымды
Өзіңнен таттым жастықтың уыз бал шағын.
Сарғаның түні – сезімдей кәусар тұнықсың,
Жымыңдап жұлдыз көрсетер назды қылық мың.
Періште сезім жетелеп асқақ арманға
Алқынған күймен қол созсам айға - кім ұқсын?
Өзіңде екен жалынды күндер – ертегім,
Балауса арман жаятын кербез желкенін.
Жастармен бірге шаттана күліп, наздана
Толықси қарап, ән қосар көкте ерке күн.
...Көңілім жалқы. Қалғандай жұртта аңырып,
Сумақай мұң жүр жанымнан жиі табылып.
Жұмақ ел жақта серпілген шердің көрпесін
Шерменде болдым, шарасыз қайта жамылып.
Думанды шақтар құбыла ойнап әр түске,
Осылай досым, сартап боп қатып қалды іште.
Уақыт-жендет жөңкілтіп айдап барады
Өткен күн- тарих - хатталған бір-бір кәртішке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу