Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  84


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

Бұғау. Желтоқсан. Азаттық.

Соңында шұбырынды жолым қалып
Қырылды қынадай боп момын халық.
Қазақтың кең даласын еркін жайлар
Кешегі азат тірлік жойылды анық.
Жүн білек, жуан сары ісінеді:
«Төңкерер бұл тобырдың күші нені?
Жүргені жер бетінде байғұстардың
Ғасырдың мәртебесін түсіреді».
Осы сөз қонды есердің ақылына,
Қалпақтай басты келіп тақымына.
«Сұлу қыз бұдан былай тусын бізден» -
Жат елдің екті дәнін жатырына.
Жер жатты жанышталып жат табанға,
Дін қалды ермек болып даттағанға.
Тіл семді – мәңгүрттене қарадық біз
Дәстүр-діл, ескілік деп салт-санаға.
Масайрар жуан сары танып әлін,
Іш-жалын... түсінеді зарыма кім?
Білмеді «ақылдылар» ақырында
Ызаның жанартаудай жарыларын!
Өксік-жас – айғызды жол –cорғалайды,
Сарының көкірегі - толған ай-ды!
Күтпейді «оғаш» істі, себебі сол -
«Байғұста» намыс бар деп ойламайды!
...Өтті ғой талай қысың – несі әңгіме,
Бұғауды буындырған кесе алды не?
Бұл жолғы желтоқсанның желі бөлек
Бермеуге бекінгендей дес әлдіге.
«Тағдырым, тас уысың емес үрей,
Сызданба, зор сарының елесіндей.
Кешегі сұспен алған, күшпен алған
Тізгінді қайта өзіме бересің, ей!
Сен сонда еркімді алдың, ерімді алдың,
Іредің, жалаңашпын – терімді алдың.
Жүректе жылап қалған оянды ар
Шекпейді қасіретін елім зардың!».
«Татымас сорлысыңдар ұрысқа түк,
Күні ертең кетесің ғой дұрысталып, -
Кекете күлді мықтым миығынан -
Бабаңнан бастап сендер бұрыс халық».
Қайсар ұл, қасарысты қыз тұлымды,
Қысқы аяз от-намысқа қыздырынды...
Көк бөрі арғы тегі шындық болса
Быт-шып қып үзері анық шынжырыңды!
Болсын қай дүлейменен күш теңдігі,
Білінді - зордың тағы үстемдігі.
Білінді дәл сол күні текті ұрпақта
Кекті елдің кемел ойы піскендігі!
Жас-ғұмыр зұлымдыққа сөнді налып,
Қабірге мүрде болып қонды барып.
Әкелді әз рухы азаттықты
Сірескен желтоқсанда тоңды жарып!
Желтоқсан – айдың аты ызғары бар,
Сен десе жүрегімнің сыздары бар –
Кешегі көтеріліс бесігі өзің
Және сен тәуелсіздік – ұжданым, ар!
...Күн алтын гүл-елімді көмкереді,
Бұл - кеше сіз аңсаған ертең еді.
Бастауы азаттықтың сол алаңнан
Ал сендер – бар қазақтың Бәйтерегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу