Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  90


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

Мен енді өмір бойы күліп өтем

Мен де сөйтем, ағатай, күліп өтем,
Тағдыр-ару жылмағай жүлік екен.
Сыңайын сезіп қалып секем алдым
Арбағанда сылаңдап түрі бөтен.
Құмар емен тәттіге мынау деген,
Жүзім-жаз,білгендерге қырау денем.
Күліп тұрып қарсы алам қайғыны да
Құдайды қорқытпайсың жылауменен.
Күлкі іздеп телміріп қармағыма
Айналдырып қайтейін арманыма.
Тарс жарып тас құрсағын тағдырымның
Тартып алып таратам жан-жағыма.
Жүрегімде мәрттікке кезек бергем,
Қайғы көрсем, қайыспан, безектемен.
Егескенде түк емес күліп өту
Күліп өлу керек деп өжеттенем.
Қашсам-дағы зілзала заманақыр
Тажал болып төнер-ау маған ақыр.
«Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен
Күліп жатқан өлікке қара да тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу