Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  147


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ӘДІЛЕТСІЗДІК БҰҒАУЫНДА

Айқасам деп абыройдан аш қалдым,
Озбырлардың жанарынан жасқандым.
Мендік мақсат, алайда
Емес еді бас қайғым.
Кіжінемін тілді тістей, қайрап тіс,
Шарасыздық шерлі етіп қайнатты іш.
Адалдықтың тілі мылқау қоғамда,
Керең болды айғақты іс.
Тұншықтырды, буындырып нала-мұң
Аласұрдым, шыбынымды таладым.
Маңдайыма жазылмаған сонда да
Жалау жаттың табанын.
Ұяңдықты көнбіс десе шыдар кім?
Шарайнасын шағып өттім шыдамның.
Сабырымның сарқыншағын тұтатып
Ордасына от тастадым жыланның.
Аждаһалар көкке атты ышқынып,
Жерге қонды. Кернеп тұрды күштілік.
Әділдіктен мықты әмірі шендінің
Сергелдеңге түсті үміт.
Ата жылан оқты көзін қадады,
Сұрша жылан «ләппайлап» бағады.
Жемтік етпек жылан біткен жабылып
Тұтқындады жыландардың қамалы.
Айбат шекті, сұрша жылан ақырды
Айыр тілден құсты сасық «ақылды».
Жыртып тастап адамдықтың шекпенін
Жып-жылмағай жылан бол деп шақырды.
Кеуде керіп көсемсіген кермиық,
«Бар мінімді санамалап» берді үйіп.
Ақиқатты жеңгенімен азғындық
Ар алдында тұрам бәрібір мен биік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу