Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  54


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

Жаңалық

Тіршіліктің жұмбағы көп шытырман
Құпиясын жатыр дейсің байқап кім.
Ал мен бүгін кездеспейтін ғылымнан
Көктің жерден көлеңкесін дәл таптым.
Талай ғалым бас ауыртқан жұмбаққа
Жауап іздеп аспан, жерді аралап.
Мен аңдаусыз келіппін ғой бұл шаққа
Отымыздың басында екен ғаламат.
Жаратылыс-әкем десем таңданба
Әкелерден жаралғаның ақиқат.
Енші беріп он сегіз мың ғаламға
Анамды да ұмытпапты табиғат.
Аспан деген анам екен кең жүрек
Мөлдірлігі –сұлулығы жанының.
Ақша бұлттар ақ жаулык қой желбіреп
Айғақтайтын адалдығын арының.
Ай дегенім-Анам күлер шүкір деп
Алтын алқа омырауға қадалған.
Ал жұлдыздар-мына біздер шүпірлеп
Анашымның жан-жағына қамалған.
Анашымның бесік жыры жел деген
Тамсаңдырар көктің тылсым әлемі.
Көркем өріп тастай салған көлденең
Кемпірқосақ –белбеу екен әдемі.
Найзағайлар шатырлса анамның
Ашуланған кезі шығар, ақталман.
Қара бұлттың қаптағанын санағын
Қара бешпент кигені деп мақпалдан.
Тылсым сырлар –әкемдегі заңғар ой
Биік десең –ұлылық деп ұқ мұны!
Мәңгі күліп елжіреген күн бар ғой
Ол-анамның мейірімі жып-жылы!
Көңілдегі қылын басып перненің
Қоңырауын қозғап өтті жанды ой.
Тіршілікте шуақ құшқан әрненің
Көлеңкесі болатынды заңды ғой.
Тірлік сыры оңай емес тіпті де
Ұғу қиын көз тоқтатып көрмесе.
Көктің құлап Жерге түскен тіп-тіке
Көлеңкесі осы екен, ендеше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу