Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  200


Автор: Бесінбай Бегеніш

Маңғыстаулық ителгінің монолігі

Абайсызда қолға түсіп тұтылдым...
Тұзақ құрған, түсің қандай? Ұлтың кім?
Көзді таңып торға салып азаптап
Қашырдың – ау берекесін құтымның?
Абайсызда тырнағыңа ілдің де,
Мен жыладым,тауып алып күлдің бе?
Туған жерім – құтханамнан шалғайға
Асырам деп әдейі іздеп келдің бе?
Тауып келем сәуле шашқан күннен де,
Жарып өтем қара түнек түнненде,
Қиын ба екен шыңырауда мұхиттан
Зыңданыңнан саған қажет ілгенде!
Хан - Тәңіріннен асыр мейлі айналып,
Көрмейтіндей көзді танып байлап –ақ,
Тәуелсіздік тұғырына талпынып
Туған жерге қағам қанат қайталап?..
Қойсын мейлі қанша күндер қамалап,
Мұхит асыр, аралдарды жағалап.
Еркіндікке бір шығарсың қалайда
Маңғыстауға қанат қағам сабалап.
Алтын құйып мені отырып тақ жаса,
Бұлбұл сайрар ирани әсем бақ жаса.
Барлығы да бір тиынға тұрмайды
Әлектен бе! Оның бәрі далбаса!?
Жатқа көнбес көкіректер желденген,
Тұтқын еткен көкірегім шерленген.
Жат жұрттық боп жаралғаннан өмірде,
Жақсы шығар ар – намыспен көрге енген!
Тұтқын етті уақытша көгендер,
Құтылудың жолында мен төгем тер
Осыны ұқсын, арманы ауса біздерге
«Маңғыстаудың ителгісі дегендер!!!»
Азаптан мейлі сабасын, тіпті қамасын,
Мейірім қанбас үстірттің жұтпас ауасын.
Ал қазір, м»не, жар салып айтам бәріне
Іздесеңдер! Туған жерімнен табасың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу