Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  69


Автор: Балта Қосбармақ

Алпамыс, Қобыланды емес едім

Алпамыс, Қобыланды емес едім,
(Қалайша биіктермен теңесемін?!).
Дүние мені күтіп сарғайған жоқ,
Анашым ойлады тек келешегін.
«Сәбиім болар жігіт, болар адам..»,
Жалғыз-ақ үміт артқан маған Анам.
Өзге адам мен туатын күнді күтіп,
Тоғыз ай, тоғыз күнді санамаған.
Қызық қой қай түкпірге барса да Адам,
Өзді-өзі мәз боп жатты барша ғалам.
Шыр етіп дүниеге келгенімше
Анамнан басқа адам шаршамаған...
Тірліктің тоқтау таппас керуеніне
Бір пенде келгені не, өлгені не?!
Бұл өмір үлдеге емес, бүлдеге емес,
Бір кемпір орап алған жөргегіме.
О, өмір,
Күтетінің бар ма менен?!
Өлсем мен, үміттерді жалғап өлем.
Себебі,
Мен туғанда бойын жазып,
Анашым «Ұл тудым» деп, қалжа жеген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу