Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  74


Автор: Балта Қосбармақ

Бұлттың көз жасы

Көрдік қой талай көк нөсер,
Көл-көсір жасын төкті бұлт.
Сан айдап кетті жел де есер,
Жауғызбай, санды соқтырып.
Таусылмас ақ жаңбырларды
Көрдік қой,
Бірақ өз басым
Ең алғаш көріп тұрғам-ды
Көктің бейшара көз жасын.


Қараймыз қалай жәй бұған?!
Көк тартты орамал қаралы.
Қазбауыр бұлттар қайғыдан
Қайырыла алмай барады.
Сіркіреп, жаумай кеткенде
Қалушы еді тұз жалап іш.
Ал мына халін көргенде,
Ызаны жеңді аяныш.
Қатыгез қара зұлымдық –
Қарғысымды айттым желге мен.
Көз жасыменен мұңын бұлт
Төгуге мұрша бермеген.
Кетсе де бұрын күлкі ғып,
Аяймыз – тұрса жылап кім.
«Тарқайды шерің бір күліп», -
Деп, сорлы бұлтты жұбаттым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу