Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  123


Автор: Балта Қосбармақ

Достық деген...

Адал жандар кәусарына малшынар
Достық деген жалғыз мөлдір тамшы бар.


Мына дүние егерде шын бай болса,
Достық деген сол тамшымен бай шығар!
Бұл фәниге бейкүнә боп жаралдық,
Кілең кәусар бұлақтардан нәр алдық.
Кейбіреулер кетті қуып жамандық,
Ал достарың сыйлап саған адалдық.
Достық деген мынау сайын даланы
Сан ғасырлар тербеп келген нар әні.
Жауыздықтар бұқса – бұқсын тасада,
Достық деген тамырын кең жаяды.
Достық деген – шалқар теңіз ізгілік,
Жібереді айдынында жүздіріп.
Достық күші көңіл мұзын талқандап,
Күн секілді балқытады қыздырып.
Жинап қойып алтынды да, күмісті,
Нағыз достар жүректермен ұғысты.
Достық деген – адалдықтың еншісі,
Нағыз адал адамдарға тиісті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу