Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  196


Автор: Балта Қосбармақ

Тұрышым менің!

О, менің тыныш Тұрышым!
Жаралғандайсың мадақтап, мақтар жыр үшін.
Айлар бойына тамшы су тамбас құмыңмен
Ұшар басына бұлт қонақтаған
Асқар таулардай ұлысың!
«Көрікті жер», не «кені көп жер» деп еш адам
Айтпайды сені,
Айтпаймын мен де, ақ босағам.
Атыңды бірақ ардақтап жырға қоса алам,


«Қоспа» деп және айта алмас,
Айтпас еш адам!
Өзіңе келсем,
Түнере төніп, тоз-тоз боп кетер бұлттардай
Тазарып көңіл,
Кетеді кірбің түк қалмай.
Тұрышым,
Сонда өзіңнен ғана боламын
Туған жер қадірін ұққандай.
Ұлылардан да ұлысың мен үшін кейде сен,
Артық та болмас осылай шалқып сөйлесем.
Мен ғана емес, әр тұрғыныңның,
Өйткені,
Көз алдындағы Отанның кіші бейнесі ең.
Жазамын саған жүректен шыққан жырларды-ай,
Келбетіңді жарқын, өмірдегі сенің тұлғаңдай.
(Отанға деген махаббат сөзге сыйған ба-ай?!);
Сен егер мені «Өз ұлым» десең қомсынбай,
Айта алам «Отан перзентімін!» деп қиналмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу