Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  229


Автор: Балта Қосбармақ

Өлеңде менің еншім бар!

Армысың, өлең, армысың!


Хал-жайың қалай, жақсы ма?!
Берерде алтыныңды әр қысым,
Қолымда қалып, өкінбес үшін
Армансыз мені көп сына.
Шығар жол – қия, тайғанақ,
Шыңдары құзар биік пе?!
Әрбір кірпішін сан қалап,
Қиындығыңды үйіп бер!
Теңізіңді әлі көргем жоқ,
Тұңғиық, түпсіз терең бе?!
Тартып-ақ алам,
Бермей бақ,
(Асылын берген кім қиып?!).
Кең далаң – Бетпақдаладай,
Аңқылдай соққан аптап па?!
Болмаспын онша шалағай,
Сонда да отыңа қақтап та ал.
Бермеспін, сірә, бір тыным,
Алмасам-дағы көп те мен.
...«Өзіңде әйтеуір
«Балтаның жолы» дейтұғын
Із қалдыра алсам» деп келем.
Жібермен босқа тегін мен,
Сыбағам қайда, ей, ізгі өлең?!
Тиесілімді өмірден
Әу баста-ақ сенен іздегем.
Арманымды әппақ көктеген
Аялап келем ұмтылып.
Алмасам-дағы көп те мен,
Бермеспін саған бір тыным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу