08.08.2022
  405


Автор: Өмірзақ Озғанбай

ДАЛА ДАНАСЫ

 


«Маңғыстау» деп көңілді көкке өрлетіп, әруақтана сөйлегенде алдымен ауызға ілігер асыл ерлердің бірі – Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы. Ол – біз асқан өкінішпен, қасіретпен айтатын заманының запыран саясаты соңына шырақ алып түсіп, есіл өмірін қор еткен текті арыстардың сапынан. Бұл Маңғыстаудың киелі даласы кімдерді туғызып, кімдерге ақ бесік болмап еді? Бір өзі бірнеше ерге татыған, қазақ жерінің тұтастығы үшін атқа қонған дүлей ерлерді түлеткен өңірде ескіше сауатты, діни білімі өте терең көзіқарақты ғұлама азаматтар да мол болды. Дін жолын ұстанған тақуаларды айтпағанның өзінде, Қашаған мен Сәттіғұл бастаған сөз зергерлерінің сауатының қаншалықты болғандығына жойқын жырлары арқылы куәміз. Біз сөз еткелі отырған Оразмағанбет осы асылдардың жалғасы болатын. Ескіше сауаты ешкімнен осал емес оның жаңаша білімі де біраз жерге апаратын биіктік пен тереңдіктен құралған болатын. «Маңғыстауда кеңес дәуіріне дейін жаңаша білім алған азаматтар болмады» деген жан ауыртатын сөз қазір аракідік айтылып та қалады. Оның үстіне халқымыздың салт- дәстүрін, мәдениетін зерттеп жүрген Сейіт Кенжеахметов құрастырған «Жеті қазына» кітабында 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде Мәскеу, Қазан, Омбы, Томбы, Санкт- Петербург, Берлин, Ыстамбұл, Варшава, Мысырдың Каир қалаларындағы түрлі оқу орындарында, алуан мамандық бойынша жоғары білім алған 124 қазақтың есімдері аталып, тізімі жарияланыпты. Бұдан өзге бітірген-бітірмегендігі белгісіз тағы 35 адам аталады. Бұл оқымыстылардың қатарынан бірде-бір маңғыстаулықты кездестіре алмай, түрлі ойға қалғанымыз рас. Сөйтсек, бұл ыңғайсыздықтан бізді Оразекең құтқарды, «алтын кездік қын түбінде жатпайды» дегендей бұл қателікті Оразекеңнің рухы түзетті. О.Тұрмағанбетұлымен бірге бұл тізім Саратов қаласынан жоғары заңгерлік білім алған Қосымов Зейнетқалимен жалғасты. Орысша емес, араб, парсы, түркі тілдерінде білім алған жоғары білімді азаматтар баршылық, кеңестік дәуірде олардың неліктен «есепке алынбайтындығы» айтпаса да түсінікті.


Маңғыстаудан шыққан діни ғұлама, геолог-ғалым, алаш қозғалысының мүшесі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1881 жылы Маңғыстаудың Қызылсу жерінде шағын дәулетті, діни мектебі бар, Адай  Көрпе  Тұрмағанбет  ахунның  отбасында  дүниеге  келеді.


 


Алғаш тілін әке мектебінде сындырған Оразмағанбет 10-11 жастарында Көне Үргеніште, 1895-97 жылдары Хиуа, Бұқарадағы медреселерде білім алады. Білімге құштар жастың білсем деген құштарлығы ол үшін білім-ғылым әлемінің көкжиегін кеңейте түседі. Көз көрген бірен-саран көнекөздерден жеткен немесе ескінің сарынын еміс-еміс естіген ел арасында «Оразмағанбет тек діни ғұлама ғана емес, жер қойнын зерттеген ғалым» деген пікір айтылатын. Біразға дейін анық-қанығын ешкім білмей келген жұмбақтың жауабы да Оразекеңнің өз рухы арқылы шешілді. Жазықсыз қолға түсіп, жалаңдаған жендеттер алдында тергеуде берген жауаптары арқылы оның Үндістанның Бомбей қаласынан геолог-инженерлік білім алғандығын білдік. Бұл – 1897-1903 жылдар. Демек, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы сол кездегі қазақтар арасында кен саласында жоғары білім алған алғашқы қазақ, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым. О.Тұрмағанбетұлы бұл біліммен де тоқтап қалмайды, 1900-1903 жылдар аралығында Иран, Германия, Түркия елдерінде қысқа мерзімді оқуларда оқып, білімін жетілдіреді. 1903 жылы елге оралып, балаларға араб әліппесінен сабақ береді. Маңғышлақ уезіндегі 1908 жылғы мұсылман мектептері мен ұстаздары туралы мәліметтерде Көрпе ауылындағы ұстаздар - Тұрмағанбет пен баласы Оразмағанбет Маңғышлақ уезінде білім алған, түрікше, арабша сауатты, уездің тұрақты, жергілікті тұрғындары деген дерек келтіріледі. Шындығында, ірі қалаларда білім алған Оразмағанбет ауылға қайта оралып, ауыл балаларын оқытумен айналысады. Оның Маңғыстаудағы қызмет еткен жылдары 1903 жылдардан бастап, 1930 жылдардың бастапқы кезеңдеріне дейін жалғасады. Бұл жылдары ол ауылдас- ағайындарға асар айтып, Қызылсуда арнайы дәрісхана, кітапхана бөлмелері бар мектеп-медресе салдырады. Мектепте балаларға араб әліпбиін, табиғаттану, арифметика, орыс тілі пәндерін үйретті.Осынша білімдарлық пен абыройы және оған деген ел- жұрттың сенім-құрметі оны 1926 жылы Адай уезінің бас имамы Бәли Нұрнияз ахун қайтыс болған соң, Түпқараған болысына қарасты ауылдарға имам етіп тағайындайды. Бұл жөніндегі негізгі құжат, басты дәлел – 1926 жылы Уфа мұсылмандар мүфтиатының декларациясы берген куәлік. Көзі ояу, көкірегі ашық, көңілінде қылтасы жоқ О.Тұрмағанбетұлы халқының жарқын болашағы үшін еңбек етті. Отызыншы жылдардан бастап Маңғыстау аймағын зерттеуге келген ресейлік ғалымдар М.В.Баярунас, И.Н.Лупповпен


 


бірге Қарабұғазда жүргізілген геологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып, сондай-ақ Уфа мұнай базасында, Небитдаг мұнай кәсіпшілігінде, шетелдік мамандармен бірге Красноводск портында бірге жұмыс жасайды. Ел несібесі үшін қажетті кен байлықтарының көзін табуға жоғары білімді геолог-инженер ретінде атсалысады. Әсіресе, М.Баярунас Оразмағанбетпен достық қарым-қатынаста болады. Үш жыл бойы бірге жұмыс істеп, Маңғыстаудың кең даласын бірге зерттейді. Қазіргі Өзен, Теңге, Қызылсай аймақтарына келгенде Оразмағанбеттің айрықша сүйсініп «мына жерлердің астында біздің ұрпақтарымыздың наны жатыр-ау, жарықтық!» деген сөзін естіген шәкірті Тасмағанбет Құбығұлұлы кейін жиі айтып отырады екен. Маңғыстаудың сай- сала, жыра-жықпылын жақсы білетін Оразмағанбет Баярунасқа кен байлықтары бар деген жерлерді көрсетіп, бастап жүреді. Бұл туралы М.Баярунастың шәкірті Н.Луппов  кейін жазбаларында


«Оразмағанбет Баярунасқа өзі ашқан жаңалықтарды баяндап, кен бар-ау деген тұстарды көрсетеді» деп естелік қалдырады. Михаил Викеньевич Баярунаспен Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының байланысы кейін де жалғасын тауып, Оразекең Маңғыстау жерінен тапқан маңызды жаңалықтар – далап, жоса, емдік балшықтар, тұз, ұлутас, әк, темір және көмір қабаттары туралы хат арқылы хабарлап, пошта байланысы арқылы кейбір минералдардың үлгісін жіберіп отырған. Шөп түрлерін жақсы айырып, олардың әрқайсысының емдік қасиеті туралы жетік білген ол ел арасында емші ретінде танылады. Құмырсқаның илеуі, сүттіген, адыраспан, атқұлақ, илан, ерқұны, изен, саңырауқұлақ, күшала, киікоты шөптерін пайдалана жасаған емдерімен талай адамды, малды аурудан арашалап, алғысқа бөленеді. Оның емшілік шапағатын көрген адамның бірі – М.Баярунас екен. Бұл туралы М.Баярунас пен Оразмағанбеттің қасына ерген азаматтардың бірі Қ.Кауиев өз естелігінде баяндайды.


Сонымен қатар О.Тұрмағанбетұлы сол кездегі елге танымал, белсенді, зиялы ел азаматтары – Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсыновтармен рухани қарым-қатынаста болды, осылар арқылы алаш қозғалысына араласты. Көз көрген жерлестері Тобанияз Әлниязов пен Жалау Мыңбаев, Оңғалбаевтар «халық жауы» деп ұсталған сәтте, бұл да құрықтан тыс қалмады. Қара күйе оған да жағылды. Әсіресе, діндарлығы оны кеңес үкіметіне қарсы етіп көрсетіп, өзгелердің «қорқынышына» айналды. Бірге жүрген


 


талай арыстар жазықсыз атылып-шабылып, түрмелерге тоғытылды.


«Алланың жердегі үйі» деп иісі мұсылман тәу ететін мешіттер, балаларға діни білім беретін медреселер қиратылып, небір құнды діни кітаптар өртелді, салық көбейді. Мұсылмандарға, мұсылман дініне, қазақ деп сөйлеп, ұлт қамын ойлаған ерлерге деген заманның сылайын аңғарған О.Тұрмағанбетұлы мұнда қалып береке таппасын білді де, 1935 жылы Иранға қоныс аударды. Кетерінде үш нарға жүк болатын бай кітапханасын бөліп-бөліп тау үңгірлеріне жасырады.


Иран жерінде де азаматтық ұстанымынан жаңылған жоқ. Зәбір-жапа көрген қазақтар үшін Горган қаласының әкімі Сейт Жоржанға арыз жазып, қандастарына ара түсті. Қазақтардың бытырап, өзге ұлттарға сіңісіп кетуінен қорқып, өз алдына бір ауыл болып отыруына атсалысты. Қырағы көзі мен зерек көкірегі Иран жеріндегі мұнай көзін сезіп, осы елдің өнеркәсіп бас басқармасына хат жазды. Онда «Бендер Шах қаласы зауытының солтүстігінде 500 метр жерінде, жер астында мұнай қоры бар. Тереңдігі 450 метр. Бұл мұнайды игеру үшін буровой қондырғысымен қазып, соған байланысты жұмыстардың барлығын жасап, шығынынан қашпай мол байлыққа жетуге болады. Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ, бір жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін. Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына 6 мың фунт шамасында болады. Оны шығарып шетелдерге сатуға да болады» дей келіп, шикі мұнай құрамында бензин, керосин, күкірт секілді өнімдердің бар екендігін баяндайды. Кейінгі зерттеу көздері Оразмағанбеттің өміріне қауіп төндірген, тіпті түбіне жеткен де осы хат екендігін айтады. Себебі, дәл сол кездері Иранмен «достық қарым-қатынаста болған» Ресей бәрібір өзінің жымысқы ойын жүзеге асырып отырған. Саяси ойынмен Иранды Әзірбайжан мұнайына тәуелді етіп қоюды көксеген олар, Оразмағанбеттің оларға мұнай тауып бергендігін қаламады. Осылайша О.Тұрмағанбетұлының соңына тыңшы салып, тұтқынға алады. Тыңшылар кеңестік қызыл жағалылар емес, Оразмағанбет те, оның маңайындағы өзгелер де күдіктенбейтін бұрыннан таныс Маңғыстаудың азаматтары. Алғашқы жорықтары сәтсіз аяқталған олардың екеуін алып қалып, үшіншісінің жанына өзге тыңшыларды қосып қайта аттандырады. Олар Оразмағанбетті қонақтықтан қайтар жолда қолға түсіреді. Бірқатар деректер оның 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы атылғандығын айтады. Ал енді бір


 


мәліметтерде оның геолог-инженер ретінде жабық, жасырын ұсталып, зерттеу жұмыстарына пайдаланылғандығы түрлі деректер келтіре отырып, тіпті көзін көрген немесе кездейсоқ кездескен адамдардың болғандығы олардың әңгімелерін негізге ала отырып айтылады. Ең бастысы – 1963 жылы ол ақталған соң Красноводск қаласындағы  неке  бөлімі  берген  өлім  туралы  куәлік.  Онда


«Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда 61 жасында қайтыс болды» деп көрсетіледі. Демек, жоғарыда айтылған кездейсоқ кездесулер де, Оразекеңнің білікті геолог ретінде зерттеу жұмыстарына пайдаланылғандығы да рас болып шығады.


Оразмағанбеттің кітаптары өзі ақталардан 6 жыл бұрын, яғни 1957 жылы Сахар тауынан табылған. 120 кітапАлматыға Қазақ ССР Ғылым академиясына жіберіледі. Көбі былғары тыспен тысталған кітаптар 18-19 ғасырларда Египетте, Ыстамбұлда, Қазанда, Ташкентте басылған, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған, біразы өте сирек кездесетін кітаптар болып шығады. Кітаптардың арасында Мұхаммед Захидің «Араб әдебиеті мен тарихының теориясы», Абдул Фаттың Эфейдің «Арабшадан парсы тіліне аударма жасау тәсілдері мен араб әдебиетінің нұсқаулары», Жамалиддин Аспахамидің төрт томдық пәлсапалық трактаты, парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жинағы секілді кітаптармен бірге, өлең өлшемдері, парсы тілінің энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы мен дұрыс жазылу емлесі, терминдік қосалқы сөздердің түсінігі, психология, астрономия, жағрафия, алгебра, логика, этика жайында ғылыми кітаптар болған. Олардың 51-і сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорына тапсырылады.


Оразмағанбет сол кеңестік дәуірдің өзінде халқының жүрегінен өшкен жоқ. С.Балхаев оның Ирандағы балаларымен хат алысып тұрса, әр жылдары Ә.Кекілбаев, М.Әбдіхалықов, Қ.Сыдиықов, Д.Досжанов, Ә.Спан, Е.Жаманбаев, О.Көшбайұлы, Т.Шәдіқұлов зерттеу еңбектерін, естеліктері мен мақалаларын жариялады. Бұлар көлемі мен маңызы қандай болса да оразмағанбеттануға бастаған сүрлеу болатын. 1990 жылы баласы Ебжан өзі ұйымдастырған футбол командасын бастап Қазақстанға келді. 1996 жылы Жаңаөзен мұнай және газ колледжіне О.Тұрмағанбетұлының есімі берілді. Бұл – тәуелсіздік алған елдің өз еркі өзінде екендігінің, кезінде өзгелер өгейсітіп сыртқа тепкен өз асылдарын тауып, құрметтей бастауының көрінісі болатын. 2007


 


жылы Қызылсуда О.Тұрмағанбетұлы рухына ас беріліп, Құран бағышталды. Ирандағы ұлдары Мұхаммед-Ебжан мен Шарғи, қыздары Панар, Жазила, Қанзиладан туған жиендері келіп ел- жұртпен, атакүлдікпен қауышып, мәре-сәре болды.


Оразмағанбет туралы толыққанды зерттеу жұмыстары өз сағатын күтіп жатыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу