07.08.2022
  389


Автор: Өмірзақ Озғанбай

ҚАСИЕТ ҚОНҒАН – ҚҰЛБАРАҚ БАТЫР

 


Баяғыда болған дейді – Құлбарақ,


Батыр болса сондай болар бір қазақ.


Оны көрсе ел шетіне тиген жау,


Қашад екен арттарына бір қарап.
Қан майданда қабыл болған тобасы,


Қайда ендеше сол батырдың моласы.


Үндемейді ындымдағы ақсақал,


Үндемейді Маңғыстаудың обасы.
Айтшы, айтшы, қайда жатыр Құлбарақ,


Қабіріне кетсем деп ем гүл қадап.
Батырлардың басы қайда қалмаған,


Ал, ерлігі... төбемізден тұр қарап!
Дүйсенбек Қанатбаев.


 


Бір шетінен екінші шетіне жеткенше ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақты – Отаным деп санаған қазақ халқының басынан нелер өтпеді. Өзінің өмір тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ халқы ата-бабасынан мирас болып қалған асты-үсті таусылмас байлыққа толы атамекенді көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Тарих сахнасынан жойылып кету қаупі төнген жоңғар шапқыншылығы кезінде ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасиетті жерін қорғап қалған батырлардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Өкінішке қарай, ел қорғаған батырларымыздың көпшілігі өзінің тарихи бағасын әлі толық алған жоқ. Сондай батырларымыздың бірі – қасиет қонған киелі мекен – Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр.
Құлбарақ Табылдыұлының өмір сүрген кезеңі қазақ халқының басына зобалаң мен үлкен қайғы-қасірет әкелген аласапыран дәуір, жаугершілік заманына дөп келеді. Шыққан тегі жайлы сөз қозғар болсақ, тіл ұшына ақын Абыл Тілеуұлының:
...Ар жағың ер Есболай, Итемгеннен, Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен.
Құлбарақ туып еді Табылдыдан,
Жау көрсе жаман қашар жабындыдан, Ер жігіт үйде туып, түзде өледі,

Тигенде ажал оғы қағындыдан, - деген жыр жолдары оралады.
Міне, осынау жырда есімі құрметпен аталатын Құлбарақтың ұлы атасы – Есболай бұдан 300 жыл бұрын Маңғыстауға келіп табан тіреген қазақтардың көшбасшы көсемі болған адам. Бұл қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған ең ауыр жылдар еді. Қазақтар жаңа қоныс іздеуге мәжбүр болады. Бір қауым ел Жайық, Еділ өзенінің аралығын, Арал теңізінің терістік жағалауын, Сағыз, Жем өзендерінің бойын, Маңғыстау түбегін қоныстанады. Есболай әулеті Арал теңізінің терістік жағасындағы Борсық деген жерді мекендейді. Суы мен шөбі аяқ астында, ну қамысты, жыңғылды жер малға пана болуға өте ыңғайлы. Сондықтан да болар 1749 жылы қазақ жерін жұт жайлағанда Есболай ауылы аман қалады. Міне, осы тұста Есболайдың қазақтың басқа да рулы елдеріне көп көмегі тиеді. Елдің тұтқасын ұстап, халқына қорған болған Есболай туралы ел ішінде: «Есболайдың қара қазанында қара су ұйыған» деген сөз қалуының өзі оның ел алдындағы беделінің қаншалықты екенін көрсетпей ме? Оның өмір-тарихын зерттеп жұрген сарапшылар Есболай 1690 жылы туған деп болжам жасап жүр. Бәлкім, бұдан кейінірек те тууы мүмкін. Есболай Кете Әжібаймен қоян- қолтық араласып, бірге жүрген адам. Әжібай 105 жыл (1665 – 1770 жылдары) өмір сүрген адам. Сонда Есболайдың Әжібайдан 25 жас кіші болуы логикалық тұрғыдан қисынсыздау.
Құлсары маңында Есболай - Ақкөл деген жер бар. Есболайдың бейіті Бек-Бике мұнай өндірісі болған, қазіргі темір жолдың шығыс жағында 20 шақырым жердегі биік төбенің басында орналасқан. Бейіт кірпіші жылқы сүтіне иленіп, жал-құйрығының қылы қосылған балшықтан соғылған.
Енді, Құлбарақтың атасы Итемген жайында бірер сөз. Итемген Есболайдың бірінші баласы. Көп уақытқа дейін бала болмағандықтан ұлын күшіктеп жатқан қаншықтың бауырына салып, атын – Итемген қойған екен. Міне, осы Итемгеннен соң, Есболай тағы да Көтен, Мейман, Күшік, Қоныс, Темір, Тума атты ұлдар сүйеді. Жазбаша деректерде 1719 жылы туған деп жазылып жүр. Итемген батырлығымен қоса дәулетті, кіші жүз ішінде өте беделді, әрі белгілі адам болған десе-ді. Атақты Мұрат ақынның:
Қалмақты ер Итемген бастырыпты, Сол күнде қоныс бермей Қарағаштан. Олжасыз өзге қазақ құр қайтқанда, Табылды найзасына қыз байлаған...

- деген өлеңі осыны аңғартады. Итемгеннен Табылды, Қара, Мәтен, Қабыл, Қалдыбай, Метей, Алшынбай, Жиенақай деген сегіз ұл тарайды. Ұрпақтарының қонысы Маңғыстаудың Бозашы аймағындағы Керелді, Етпілдек, Теміртапқан – Байтақ, Жиделі, Өжен, Құртты, Қызықты деген жерлер. Ешкімге ақысын жібермейтін, айбарлы ұрпақтар кезінде «Итемгеннің бөрілері» атанады. Әсіресе Қараның даңқы ерекше тарайды. Ел ішінде айтылып жүрген аңыздарға сүйенсек, сартұра болған бір сыншы әйел Қараны сынапты.
- Әттең, уақытым өтті-ау, тұқым алып қалатын адам екен, - деп таңдайын қаққан көрінеді.
Бір күні түркімендер Қараның шаңырағында қонақ болып отырып, тұлпар атын қалап сұрап алыпты. Сөйтсе түркімендердің өз ойы бар екен. Тұлпарды Бозашыдан жетелеп келе жатқан олар Қаратөбе биігіне шыққанда қылышпен аттың басын кесіп алады. Сөйтіп, бәйгеде алдына қара салмайтын қазақ тұлпарының көзін осылай жойса керек. Бір сөзбен айтқанда, Қара батыр, әрі би болған адам. Одан – Есет, Дәрі, Бөкебай, Қамбар, Сары, Жангөт деген ұрпақтар тарайды. Қараның қонысы Жиделі – Қызан жақтағы Қызықты деген жерде болған. Қараның бейіті Қатпас соры деген жерден онша қашық емес. Дәлірек айтсақ, Ақорпа - Өженде орналасқан Құлбарақтың әкесі
– Табылдының бейітінен 20-З0 шақырымдай жерде орналасқан. Сақталып қалған жазба деректерде Қара 1749-50 жылдары туылған деп есептеледі.
Сөз орайы келгенде, Құлбарақтың әкесі – Табылды жайлы бірер сөз. Табылды қолда бар деректерде Қарадан 5-6 жас кіші болғандықтан, 1755-56 жылдары туған деп көрсетіліп жүр. Табылды өз заманында талай жорықтарға қатысып батырлық құрған адам. Жайық бойындағы Сарайшық қаласында хандық құрған Аюке өлгеннен кейін кіші жүздің Итемген бастаған Байбақты, Шопан, Табын, Барақ, Қонай, Атақозы секілді батырлары қаланы қолға алу үшін жорық жасайды. Әкесі қол бастаған осы жорыққа Табылды да қатысқанға ұқсайды. Сол сияқты ол жоңғар қалмақтарына қарсы жорықтарға да белсене қатысып, үлкен ерліктер көрсеткен. Жоғарыда келтірілген өлең шумақтары осыған толық дәлел бола алады. Итемгеннің балаларының ішінде Табылдының орны ерекше. Қазір Иран жерінде ғұмыр кешіп жатқан қандас бауыларымыз Табылды мен Қараны жиі еске алып, жырға қосатын көрінеді. Сол секілді Мұрат ақынның:
Табылды мен Қараңдай,

Ағыны күшті қарғындай. Сол ерлердің барында,
Дұшпаннан кегім алынды-ай, - деп жырлауының өзі біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па. Кезінде «Құлбарақ зиратынан шыққан үн» деген толғау жазған маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов Табылды бейнесін: «Қалың қабақты, көзі қып-қызыл, шоқпар мұрын, өте сұсты кісі» - деп суреттейді. Құлбарақты да бойына батырлық, ер жүректік, әулиеге тән қасиет, кие жинақтаған рухы асқақ болмысы алабөтен, өмірі ұрпаққа тағылым болар тұлға ретінде суреттейді. Жалғыз бұл ақын ғана емес, көптеген қаламгерлер Құлбараққа өз шығармалары мен дастандарын арнады. Олардың қолда сақталғандары да, сақталмағандары да бар. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында «Маңғыстау» газетінде Е.Жаманбаев, С.Әділханұлы, І.Шыртанов, Б.Арипов, Д.Төленов, Ж.Жылқышиев, Н.Қазақбаев, Б.Қорқытов секілді қаламгерлер сүйекті де сүбелі мақалаларын жариялады. Жыңғылды ауылының тұрғыны Алтынбек Жұмашұлы Құлбарақ батырдың ел аузында айтылып жүрген бейнесі бойынша суретін салып шықты. Салған портретті Маңғыстау ауданының сарапшылар комиссиясы бірауыздан мақұлдап бекітіпті.
Маңғыстау өңірінен шыққан батырлар туралы жазылып қалдырылған және ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, ел тарихында Құлбарақ батырдың алар орны ерекше. Әкесі – Табылды батыр да баласының атын – Құлбарақ деп бекерден-бекер қоймаса керек. Барақ деген ат қазақта сирек кездеседі. Сонысына қарағанда мұнда бір терең сыр жатқан тәрізді. Батыс Қазақстан Құлбарақтың ата-ұрпақтарының өмір сүрген жері болса, Маңғыстау оның қаны төгілген жер. Маңғыстаудың көнекөз қарттары ел аузында «Қарнау қырғыны» деген атпен сақталып қалған оқиғаны әлі күнге жыр қылып айтады.
Маңғыстаудың Бозашы – Қабақты деген жерінде отырған Сүйінқара атты бидің ауылын 1832 жылы Хиуа қаны Аллақұлдың Сүйінпұшық деген уәзірі бастап келген қалың қол шауып кетеді. Қазақ батырлары оларды қуып жетіп, Қарнау деген жерде үлкен шайқас болады.
...Өлді ерлер алған беттен таймай-тұғын, Жақсылар өлді елдегі сыйлай-тұғын.
Ішегін сүйретілген жинап жүріп, Медетте Ізбас өлді қимайтұғын. Мырзатай өлерінде ерлеп өлді, Қылышын ит дұшпанға сермеп өлді.

Мырзатай кім-кімнен де батыр еді, Тіріде жауға намыс бермеп еді.
Досы өлді Тағанұлы көп Зорбайдан, Кебекпен жетеу өлді Табынайдан... Беріштен Құлбарақ өлді нанғысыз-ай, Басы жоқ, кеудесі бар ыңғайсыз-ай, -
деп Абыл ақын Қарнау қырғынын суреттейді.
Осы жолғы шайқаста Мәметнияз күшбегі басқарған түркмендердің қолы қазақтардан үш-төрт есе көп болады. Батырлар мен қазақ жауынгерлері қырылған жер «Қырғынсай» деп аталып кетеді. Ұрысқа Беріш руынан қатысқан он сегіз жауынгердің ішінде Құлбарақ Табылдыұлы, Кескір Көбен Жиенақай, Батырбек Мәтен, Байтөбет, Жапарберді Қабыл бар, қалғандарының аттары белгісіз. Бұлардың ішінен жалғыз Жапарберді тірі қалады. Міне, осы қанды қырғында түркмендер Құлбарақтың басын Хиуа қамалына алып барып Аллақұл ханға табыс етеді. Бұл туралы жазба-деректерде әр түрлі пікірлер айтылады. Жаудың саны үш мың, қуғынға шыққан адайлықтардың саны небәрі сегіз жүз-ақ еді деп те айтылады.
Адай батырларының Сүйінқара би үшін бастарын бәйгеге тігуінің сыры неде?
Сүйінқара Үргенішбайұлы (1756-1841) халықтың бірлігін, бүтіндігін ойлаған белгілі би. Хиуа хандығы мен Ресей патшалығына бағынышты болмауды көздеген ол, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуді үнемі алдына мақсат етіп қойған. Қол бастамаса да батыр адам болған. Жауға бірінші болып кіріп, өз күші басым болса да соғыспаудың амалын іздейді екен. Сүйінқара би туралы ел ішінде айтылып жүрген аңыз жетерлік.
Ол кезде би атаулы салықсыз өмір сүре алмайды. Сүйінқара өз сыбағасы үшін ауылдың сыртына қабын тастап кетеді екен. Бірде қапқа сыбаға салынбай бос қалыпты. Мұны көрген Сүйінқара қапты қамшылай берсе керек. Осы сәтте жақын жердегі киіз үйден бір жас жігіт шыға келіп, қапты қылыштай бастапты. Мұны көрген Сүйінқара қозғалмай тұрып қалыпты. Кейін би осы оқиға туралы: «Жүрегім ешнәрседен тайсалмаушы еді, осы жолы қатты сескендім», - депті. Қапты шапқан жас жігіт адай руының Шабай атты батыры болып шығады.
Сүйінқараның халық арасында әр түрлі бағаға ие болуы сол кездегі ішкі және сыртқы қоғам қайшылықтарына байланысты. Қазақ

батырларының ол үшін бастарын бәйгеге тігуі, ел басқарған бидің қоғам өмірінде алар орнын айқындап тұрса керек.
Құлбарақ пен оның інілеріне қатысты ел ішінде айтылып жүрген бірқатар әңгімелер бар. Құлбарақ батыр інілеріне: «Бізді өлгенде Батырбекпен бір молаға көмерсің», - деп өсиет айтыпты. Өсиеті орындалып, қазір олар Тигенде қатар жатыр.
Батырдың Көбен атты інісі жауырыншы екен. Құлбарақ жорыққа аттанарда Көбенге жауырынға қарап бал аштырады. Көбен жорықтың сәтсіз, әрі қайғылы аяқталатынын сезсе де: «Жауырының нендей жайды болжап тұр», - деп сұраған ағасына батылы барып шындықты айта алмайды.
- Осы жолғы сапардың сыры белгісіз болып тұр, - деп кібіртіктей жауап береді. Көбеннің түсініксіздеу болжамының сырына түсінген ел ағалары Құлбарақтың шылбырына жабысып тоқтау айтқанымен, батыр ешкімнің сөзіне құлақ аспайды.
Діни оқуы бар Құлбарақтың таным-түйсігі мен сезім болжамы ерекше болған. Пешенесіне жазылған тағдырдың қай бағытқа бет алғанын жүрегі сезді ме екен, жорыққа кірер алдында намазға жығылыпты десе-ді. Құлбарақ батыр жорыққа кірер алдында жаудың осал еместігін, сондықтан мол күш жинап аттану керектігін алдын ала айтқан дейді. Бірақ соғыстың сәтсіз аяқталатынын біле тұра, жауға қарсы аттанады.
Құлбарақтың батырлығымен қоса әулиелігі сонда, аруақтап ұран шақырып жауға тиіскенде аспанды бұлт торлап, дауыл соғып, жаудың үрейін алады екен. Осы жорықта Құлбарақ батыр өздері қуып бара жатқан жауға жетуге асығады. Жазмыштан озмыш жоқ, өз ажалына асыққан-ау, жарықтық?!
Жауды қуып жеткен қазақтардың біразы аттан түсіп жаяу атысуға кіріседі. Түркмендер мұны «қазақтар аруағынан айырылды» деп түсініп, атойлап лап қояды. Жалғыз шауып үйренген батыр жауынгердің қатар жүріп, қоян-қолтық шайқасайық дегеніне көнбей қаптаған қалың жаудың ортасына жалғыз өзі қойып кетеді. Қалың топтың ішінде қылыштасып, бірде найзаласып жүрген Құлбарақты ту сыртынан келген түркмен Назар деген кісі келіп қылышпен қылша мойнынан басын шауып түсіреді. Домалап жерге түскен басты түркмен Назар қоржынына салып алады. Құлбарақ батыр өлгеннен кейін қазақтар соғысты тоқтатып, кейін шегініп елге қайтады. Қарнау жеріндегі соғыста екі жақтан да көп шығын болады, бірақ соғыс қанша уақытқа созылып, екі жақтан қанша адам шығын болғаны

белгісіз. Ал қанша адамның елге аман оралғаны туралы да толық мәлімет жоқ. Тек тірі қалғаны, жоғарыда айтылған Жапарбердінің Сүйінқара биді майдан даласынан аман алып шыққандығы ғана айтылады.
Жапарберді Қабыл Итемгенұлының жалғыз баласы еді. Сондықтан қолбастаған батырлар қазақ халқының: «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген қағидасын қатаң сақтап бір атадан ұрпақ қалмай қалады деп оны қатерлі жорықтарға көп ерте бермейді екен. Қартайған әкесі баласының ата даңқын шығарар көптеген ұрыстарға қатыса алмағанына іштей қапаланып: Бұл «батыр
– ауыл» атағына кір келтіру деп, үйінде жатып алады екен. Сол жолы мықты найзагерлігімен танылған Жапарбердінің өзі де намыстанып:
«Жорыққа аттанамын, батаңды бер», - деп әкесіне келеді. Қанша намыстанғанымен, жалғыз баласын қимаған әке қатты қиналып отырып қалады. Баласы қайта-қайта келіп бата сұрап қоймаған соң: - Я, көрініп кел, я көміліп кел, - деп бата береді. Қасиетті әке батасы қабыл болып, қырғын соғыстан Жапарберді аман оралады. Сол соғыста Жапарберді Құлбарақты өлтірген Назарды найзамен аттан аударып түсіріп, торы атын алып кеткен деседі. Кейін сол торы атты Сүйінқара би қалап сүрағанда Жапарберді: «Бұл мен үшін қымбатқа түскен ат», - деп бермейді. Найза ұшы жанай өткен түркімен Назар жараланып аман қалады. Құлбарақтың анасы оған жақын қарындас болғандықтан соғыстан соң өз қателігін түсініп: - жиенім Құлбарақты өлтірдім, енді бұл дүниеде маған орын жоқ, - деп өзін-өзі өлтіріпті десе-ді.
Ел ішінде Құлбарақ батырдың басы танылмады деген сөз айтылғанымен ол шындыққа жанаспайтын тәрізді. Шындығында Құлбарақ батырдың басы Хиуада жерленген. Батырдың басы жерленген жер «Бас әулие» деп аталады, халық бұл жерді «Екінші Мекке» деп те атайды. Хиуа Дишан-қала және Ишан-қала болып екіге бөлінеді. Құлбарақтың басы Пахлаван-Махмуд кесенесінің қасына жерленіпті. Хиуалықтар арасында Құлбарақтың басының жерлену тарихы туралы мынандай бір анық әңгіме жыр қылып айтылады. Түркмен батыры батырдың басын Аллақұл ханға әкеліп бергенде ол басты аса таяққа іліп қойған екен. Бірақ бас шаншылған орнында тұрмай құлай береді. Үш рет ілгенде үшеуінде де құлаған бас Аллақұлға қатты әсер етеді. Текті адамның басын бұлай қорлаудың соңы жақсылыққа апармайтынын сезген Аллақұл дереу басты арулап көмуге әмір береді. Бүгінде «Бас әулие» атанған жердегі үш

құлпытастың біреуі Аллақұл ханның бала шағында қайтыс болған немересінің бейіті, ал үшінші құлпытас «Құлбарақ жиенімді өлтірдім, енді маған бұл дүниеде орын жоқ» - деп, өзін-өзі өлтірген түркмен батырының қабірі екен.
Ол кезде майдан даласында қаза болғандарды сол жерге бетін жауып, денесін тасалап «Аманат» ретінде тапсырып, кейіннен тұрақты қорымға әкеліп жерленеді екен. Әрине, бассыз денені өлгеннен кейін майдан даласында табу қиын. Дегенмен, «Қасиетті адамның қасиеті рухы мен жанында ғана емес, денесінде де болады» деген сөз рас болса керек. Құлбарақтың арқасында Мұхаммед пайғамбардың қасиетті меңі сияқты меңі болыпты. Құлбарақтың бассыз денесі осы меңі арқылы танылады. Жорықта өлгендердің қайсысы қайда жерленгені белгісіз болғанымен, бассыз Құлбарақ пен Батырбектің мүрдесінің Тиген деген жерде мәңгілік ұйқыда жатқаны анық. Құлбарақ батырдың қай жылы туғаны туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Барлық жазбаша деректерде Құлбарақ қайтыс болған шағында 42 жаста, ал Сүйінқара би 76 жаста еді деп айтылады. Ал, Сүйінқара бидің 1756-1841 жылдары өмір сүргені жоғарыда келтірілді. Демек батырдың қай жылы туғанын осы жылдарға қарап шамамен болжап білуге болатын тәрізді.
Иә, кешегі ел басына күн туған жаугершілік замандағы батырлардың ерлік істері ешқашанда ұмытылмақ емес. Олар туралы жазылған жыр-дастандар мен ел аузында айтылып жүрген аңыз- әңгімелер бүгінгі ұрпақтар үшін баға жетпес құнды дүние. Құлбарақ батырдың өмір-тарихының, оның ерлік істерінің ашылмаған тұстары жетерлік. Ғалымдарымыз бен жазушы қаламгерлеріміз ол туралы терең, әрі жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, болашақта жарыққа шығарары анық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу