07.08.2022
  690


Автор: Әбіш Кекілбаев

Замандас, қанаттас інім

 


Кеш құрым Жаңа Өзеннен шықтық. Кенет қапталдағы ауыл жақтан бір машина ағызып келеді. Үсті-үстіне шамын жыпылықтатып қояды. Әуелі мән берген жоқпыз. Бір уақытта машина бізге жетіп, «тоқтай тұрыңдар» дегендей дыбыс берді. Кілт кідірдік. Қуып жеткен машинаның ішінен күліп, қапсағай қара жігіт атып шықты.
- Өй, мынау Өмірзақ қой! – десті қасымдағылар.
Бәріміз де сыртқа шықтық. Әлгі жігіт тұп-тура маған беттеп келеді. Анадай жерден сәлем берді.
- Бұрын сыртыңыздан білуші едім. Алғаш рет жүздесіп тұрғаным. Бір сапарға бірге бара жатып, танымаған, білмеген кісіше, үнсіз жүре беруді жөнсіз көрдім. Тоқтатып, амандасып қалайын дедім. Айып етпеңіз, - деді.
Амандық-саулық сұрасып, жөнімізге кеттік.
- Бұл - Өмірзақ деген жігіт. Осындағы туысқандары той жасап жатырған еді. Соған келген ғой. Өзі Шағадам жақта өскен. Тарих пен әдебиетке ағып тұр. Сені сыртыңнан біледі. Сәлемдесейін деген ғой, – деп жанымдағылар да дуылдасып қоя берді.
Содан былай Өмекеңмен оқтын-оқтын кездесіп жүрдім. Бірақ етене танысып кете қойған жоқпын. Кәсіптік білім беруде де, оқу- ағарту саласында да жақсы аталып жүрді. Қатардағы қызметкерден облыстық басқарма бастығына дейін жоғарылады. Қайда жүрсе де, жұрт қатты қадірледі. Бірде «Егемен Қазақстанда» қызмет істеп жүргенмін. Ауылдан хат келді. «Осындағы мектеп оқушылары өзіңізбен кездескісі келеді. Қолыңызды тигізіп, жас жеткіншектердің өтінішін жерге тастамауыңызды өтінеміз» - депті. Онсыз да тираж жинау мәселесімен біраз облыстарды аралап көру, ойымда бар еді. Келдім. Қала ортасындағы әсем мектептің үйінде оқушылармен кездестім. Жаңылмасам, қазіргі Мұқтар Әуезов атындағы мектеп болуы керек. Бүлдіршіндердің ықыласы өте мықты. Сізбен бірге сіз жүрген жерлердің біразын аралап көргіміз келеді деді. Өтініштерін қабыл алуға тура келді.
Ертесіне бір автобус, бір машина болып, жолға шықтық. Қарлыбастағы көнелікті қорғанды көрдік. Үдектің үстіндегі тарихи орындармен таныстық. Таушықтың ойына құлай бере, балалық бал дәуренім өткен жерлерді әңгіме қылдым. Ескі көміршілер кентін аралап көрдік.

Дәніспан тауына көтеріліп, бұл маңайдың арғы-бергісін сөз еттік. Қапталда қалып бара жатқан Үшауыздың оқиғасына тоқталдым. Содан Жыңғылдыға жетіп, бір кездегі осындағы пионер лагерінде өткен күндерімізді еске алдық. Сол жерде ымырт үйірілді. Мен балаларды қалаға қайтарып, әрі қарай Ондыға кеттім.
Сонда Өмірзақпен бастан аяқ сапарлас болдым. Іш ашысып, сырластым. Жәй әншейін көп қызметкердің бірі емес, көкейіне талай ой түйдек-түйдегімен келіп жатқан, маңдайы жанайын деп тұрған жұлдызды жігіт екенін аңғардым. Республикалық министірлікке шақырылып, басқарма бастығы болған кезінде жаңалықтар мен өзгерістерді көп жасады. Оны теріске шығарып, қарсыласқандар да болды.
Сүйтсем, соның бәрі тегін емес екен. Өзектегі өрен ой ілгеріге ұмтылдырады. Оның барған сайын азаматтық сипаты ашыла түсті. Көп ұзамай, кезекті сайлау келді. Жоғарғы Кеңестің сайлауы еді. Талапкерлердің талабына өріс ашылды. Бір орынға әлденеше кісіден келдік. Маңғыстау облысынан Баев, Жүрсінбаев, Озғанбаев, Кекілбаев дейтін төрт депутат сайланды. Аударма-төңкермесі көп, ауыспалы кезең ғой. Бірде олай, бірде бұлай бұлталақтарға ұшырай жүріп, қысқа болса да, қиқулы дәурен кештік. Бірақ, Өмірзақ сол кездің өзінде үлкен естиярлық танытты. Иран, Пәкістан сапарына барғанымызда қиын-қиын келіссөздердің басы-қасында болып, азаматтық ауқымы мол, кең қарымды халық өкілі екендігін танытты.
Көп ұзамай ол шақырылым да мезгілінен бұрын таратылды. Мен жұртшылық талқысынан қайта өту үшін жолға шықтым. Бұл жолы бүкіл Маңғыстау облысынан Мәжіліске бір орын тиді. Ел азаматтарының жанашырлық ықыласын шындап көрдім. Қыс көзі қырауда қай ауылға барсам да, ыстық ықылас таныдым. Тиісті дауысымды жинап, мәжіліске өттім. Сенатқа Өмірзақ өтті. Ол жетекші комитеттердің біріне бастық болып сайланды. Депутаттық корпуста да, былайғы билік орындарында да өте беделді болды. Парламентаризм тарихын зерттеп, Ресей Мемлекеттік Думасына сайланған қазақ депутаттары жайында еңбек жазды.
Біраздан соң, мені Мемлекеттік хатшылыққа шақырды да, депутаттық мандатты Хайролла Ережепов иеленді. Қысқасы, Маңғыстау сайлаушылары Парламенттен аса салымды болды. Ө. Озғанбаев та, Х. Ережепов те, заң шығарушы биліктегі айтулы қайраткерлер еді. Л. Бурлаковтың, М. Әбілхановтың, З.

Алшынбаевтың, Г. Сейтмағанбетованың, С. Оспановтың, М. Бортниктің, Ж. Сарсенқұловтың аймақ мүддесін қорғаудағы табандылықтарын көріп, талай сүйсіндім.
Сүйтіп, халыққа қарымды қызмет етудегі ынтымақ жақсылығымен жалғаса берді. Облысқа басшы болып Қырымбек Көшербаев келді. Еліміз бен жеріміздің тұрлаулы тұлғаларының бірі Нәсіпқали Марабаевты қызметке шақырды. Кәрі түбек жасарып, жаңара бастады. Өтпелі кезең тұралатып кеткен экономикасы қайтадан қауырт көтерілді. Күнбе-күн туындап жатқан жаңа бастамалар мен жаңа ізденістер қанат жайып келе жатқанына мәз болып жүргенімізде, Лондонға емделуге кеткен Нәсіпқалиды ақтығына орап, ауылға оралттық.
Бұл ешкім күтпеген жағдай еді. Әсіресе, Қырымбек қатты күйзелді. Тамылжытып күй төге бастаған қара домбыраның құлақ күйін қайта келтіретін адам табу мықтап ойлантты. Бір күні маған қуанып телефон соқты. «Нәсекеңнің орнына ыңғайлы адам табылды. Ол Өмірзақ Озғанбаевтың қолы емес пе?!» - деді.
Содан бері Өмірзақ облыстың ардагерлер қауымын басқарып келеді. Аға десең, аға. Дана десең, дана. Тарих және пәлсафа ғылымдарының докторы. Профессор. Академик. Әлденеше еңбектері бар. Ер-тұрманы салулы, үзеңгісі тағулы, белдеуде тұрған салт аттай. Қайда салсаң да құйғыта жөнеледі.
Былтыр жазда Сарыағашта дем алдым. Екі-үш күннен кейін Ташкенттен салып ұрып елші келді. Зауытбек Тұрысбеков сәлем айтты. Жаңа барып жатқанында Өзбекстанға шақырған. Алдымнан шұбыртып, бір топ өзбектер мен қазақтарын ала шыққан. Қолдарында макеттер, планшеттер, сызбалар. Өзбек өкіметі Бұқара облысындағы Науаи түбіндегі Әйтеке бейітін салуға рұқсат етіпті. Ресми өкімет орындарының араласуға құқы жоқ. Халық өтінгендіктен тек қоғамдық ұйымдар ат салыса алады депті. Мен не де болса, туып тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалу керек дедім.
Сонымен талайдан бері сөз күйінде қалып келе жатқан жұмыс басталды да кетті. Жобалау жұмыстары Маңғыстауға тапсырылыпты. Тиісті қаржы табылған соң, Қырымбек екеуміз бейіт басын бірге барып көруге уәделескенбіз. Артынан өзбек талабының ыңғайына қарап, одан бас тартуға тура келді. Бұл істі іс қылып шығаруды Өмекеңе тапсырыпты. Ол бүкіл Алаш күтіп отырған ардақты істі атқаруға жан сала кірісіпті. Қызылқұм арасында қызып жатқан шаруа басына әлденеше рет барып келіпті.

Міне, енді сол шаруа бітіп тұр. Зауытбек жаңа ескерткішті ашуға қатысқанымды жөн көріпті. Ми қайнатқан ыстық. Бұхараға дейін ұшаққа отырып, одан әрі машинамен кеттік. Талайды көрген құба шөлдің ортасында көне қорым жатыр. Жаңа күмбез ерекше көз тартады. Сейітқұл баба мен Әйтекеге зиярат етіп, қасындағы жаңа мешітке бет бұрдық. Ығы-жығы қауымға Әйтеке бидің басына көтерілген жаңа ескерткішке құтты болсын айттық. Жиналған қалың жұрттың алдында ол кезде Өзбекстандағы елшіміз Зауытбек Тұрысбеков жайсаң іске мұрындық болған Маңғыстау облысының басшылығы мен жұртшылығына алғыс айтты. Қуана қол соққан жұртқа ризашылықпен күліп, Өмірзақ тұрды. Той думаны тұсында:
«Елдеріңде болып жатқан жаңалықтарыңыздың бәрін ежелгі Тұранның жер-жерінде шашырап жатқан ата-бабалардың бәрі қолдап жүргей!» - деп Өмірзақ бауырымның қолын қыстым.
Сол айтқанымдай, Маңғыстау жерінде бүгінде жұртқа жора, елге үлгі болар талай тамаша істер бітті. «Ата жолы» аталатын даңғылды бойлап, Пір Бекеттің басына қысы-жазы ағылған дүйім жұрттың ойына жол-жөнекей талай нәрселер оралуы мүмкін. Барды жоқ қылуға да болады. Жоқты бар қылуға да болады. Бірі оңай, бірі қиын. Алдыңғысы ақылдың кемдігінен болса, соңғысы ақылдың кемелдігінің арқасында жүзеге асады. Кемел қайда жүрсе де, Атам қазаққа қызмет етеді. Маңғыстаудың жерінде де сондай кемел ақыл жөн алғандығының арқасында талай игі бастамалар орындалуда. Отпан таудың басында Адай Ата кесенесі бой көтерді. Ежелгі Кетіктің төрінде Досан мен Исаға ат үстіндегі ескерткіштері қойылды. Жақсы іс жарастығымен жалғаса бергей.
Ел жарастығына еңбек ету жасы озған аға буынның ардақты парызы. Ардагер қауым ел бүтіндігін тілейді. Мұндай іске ұйытқы болу – абыройлы шара. Сондай шаруаның басы – қасындағы Өмірзақ Озғанбаев інім де сондай елжандылығымен танылып жүр. Оған зейінділігі де, бейімділігі де жетеді. Жуырда бітірген Адай көтерілісі туралы құжаттар жинағы мен арнайы зерттеуі соған куә. Өлкеміздің өткені мен бүгіні жайындағы талай жиында ел құлағын қандырып шежіре шертеді. Таңдайынан жарылған шешен сөзін тыңдап тәнті боласың.

Өкшелес келе жатқан ініме қай істі қолға алса да, сәттілік тілеймін. Жетпісіңде де, қиянға сермеп, қиялға құлаш ұрудан танба, талма, бауырым деймін.


ҚР халық жазушысы,
Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу