Өлеңдер ✍️

  07.08.2022
  458


Жанұзақ Сүгірұлы

ЖАНҰЗАҚ пен ДӘНЕШТІҢ айтысы

Дәнеш:
...Шұбырынды үш адай,
Қыспағыма түс адай.
Дәмең болса Дәнештен,
Бірме -бірге шық, адай.
Ауызыңды ашпа көкеңе,
Ауызыңды ашсаң көкеңе,
Асатармын құм, адай.
Ел кезіп жүрсең аңсырап,
Солдырармын жуадай.
Іздегенің қыз болса,
Сұрағаның сөз болса,
Жауабыңды тап, адай.
Жауабыңды таппасаң
Ажал құсың түйілді,
Қорықсаң төмен бұқ, адай.
Той бастайтын Дәнешке,
Шешіп шапан жап, адай.
Бол –бол адай, бол адай.
Шешіп шапан жаппасаң,
Маған жауап таппасаң,
Неге келдің бұл тойға,
Ақылы жоқ баладай.
Кет маңыма жоламай...
Жанұзақ:
Іздегенім өзің ақ Дәнеш,
Көңілімнің қошын тап Дәнеш.
Мылмығым оғы оқтаулы,
Қара найзам саптаулы,
Дәмең болса шап,Дәнеш.
Сөзің өтті-ау қап, Дәнеш.
Түсіремін кеудеңе ,
Өртенетін шоқ, Дәнеш.
Сен көпсің де мен жалғыз,
Жалғызға Алла жақ, Дәнеш.
Жұрттан озған жүйріксің,
Алдыма озып шық, Дәнеш.
Алдыма озып шықпасаң,
Бәйгі саған жоқ, Дәнеш.


Аттан байтал озар ма,
Байтал бұтын созарма.
Тіл тигізсең адайға,
Асыққаның ажалға...
Дәнеш:
...Қол беруге келдің бе,
Қарабура бабама.
Жол беруге келдің бе,
Дәнеш сынды данаға.
Алғанменен ішіме,
Сенімен ордам тола ма...
Хан алдында жүгініп,
Бас ұрғансың ұмама.
Арсыз адай болмасаң
Бұда есіңнен шыға ма.
Көр азабы дозақта,
Өңменіңнен сұға ма.
Айтқан сөзім найзадай,
Қос өкпеңді сыға ма.
Шиқаныңды жұла ма.
Дала сынды тегіспін,
Атыздағы егіспін.
Қызыл тілге келгенде,
Осы адай мені жыға ма...
Жанұзақ:
...Тойыңа келдік үш адай,
Үшеумізде түс адай.
Келдік біздер ішіңе,
Сый тарт қонақ кісіге.
Шапан жабар үстіңе,
Жолым сенен кіші ме.
Көргелі келдім тойыңды,
Білгелі келдім жайыңды.
Көңіліме жақпасаң,
Көрсетермін ойынды.
Танытайын деп келдім,
Болашақ мендей байыңды...
Дәнеш:
...Тіреліп қалдың тұйыққа,
Сөз келтірме Сиыққа.
Сөз келтірсең Сиыққа,


Кесел болар малыңа,
Кесапат болар жолыңа.
Сатырлаған сар қыста,
Жалаң аяқ шұбыртып,
Сиық түскен соңыңа.
...Онбесіңді өлтіріп,
Ит қоңыңды жегенде,
Не беріп ем құныңа?
Арсыз адай болмасаң,
Құлағың сал мұныма.
Айтпайын –ақ деп едім,
Өзің тидің жыныма.
Еліңді Сиық шапқанда,
Сазайыңды тартқанда,
Жетімің мен жесірің,
Қопа қалап қос қылған.
Борық қазып ас қылған.
Сөйтіп Сиық састырған,
Өкшеңді атқа бастырған.
Аузыңнан қан құстырған,
Қонысыңнан бостырған.
Есепсіз кісің кесілген,
Еріксіз қызың тесілген.
Ұмыттың ба соларды,
Адайым –ау есірген...
Жанұзақ:
Оның рас Дәнешім,
Қарабау мен Қаракөл,
Баса келе қонғансың,
Үш –төрт ауыл адайға,
Жөнсіз зорлық қылғансың.
Зорлығыңа көнбеген,
Ұстап қару сермеген,
Бес баласын өлтіріп ,
Қапияда салғансың.
Қонысын тартып алғансың.
Қыс қонысты тапқансың...
Күн жылынып, қар кетіп,
Маңғыстаудан сары адай,
Шаңдата көшіп жеткен соң,
Сыйықтарым сасқансың,
Орысқа қарай босқансың.
Жеті қырдан асқансың.


Жаманат сірә жата ма,
Адайға хабар тиген соң
Кесер қылыш, шабар ат,
Ауыр қолға бас болып,
Сыңғырлаудың бойында,
Сүйекең жетіп соңыңнан.
Қасқыр қырған қойдай ғып,
Бауыздаған шетіңнен.
Жіліктеген түйедей,
Буыныңнан боршалап,
Жиырмаңды өлтірген.
Өзіңдікін он есе,
Алдарыңа келтірген...
Жанұзақ ақын осы тұста тым арқаланып кетіп, кезекті қарсыласына
берместен жырды төкпектете түсіпті...
Сыңғырлаудың бойында,
Сонда тойың қылғанмын.
Сазайыңды бергенмін,
Қамыстай мойның қиғанмын.
Қаныңды көлге құйғанмын,
Өкпеңді сумен шайғанмын.
Жақсыңның басын жойғанмын,
Ардақтаған ұлыңды,
Сатып құлым қылғанмын.
Төбе шашың жұлғанмын...
Хан еркіме жіберсе,
Елдігің жоқ Алтыбас.
Ерегеспе менімен,
Ерегессем сенімен,
Айдаһардай лебіммен,
Қонысыңнан асарсың.
Асып барып шығарсың,
Қобда менен Еділден...
Дәнеш:
Азар шыдап отырған Дәнеш те домбырасын қаттырақ қағып-қағып
жіберіп бар ашуын шақырып айқайға басады.
Мынау адай ісіпті,
Мас болып арақ ішіпті.
Бұл адайдың есіне,
Бір ірілік түсіпті.
Ағаларым қайдасың?!


Мына адайды ұрыңыз,
Екі көзін ойыңыз.
Сырыққа іліп қойыңыз
Сонадай тілін сурыңыз,
Табаға салып қурыңыз.
Қазанға салып пісірің,
Қамшыға жонын ісірің,
Есіне елін түсірің.
Құны бар ғой демеңіз,
Ит төлеуі бір күшік,
Отыз тана берерміз...
Осы кезде қыздың ағалары Жанұзақты қамшының астына алады.
Жанұзақ денесіне жаңбырша жауған қамшыға да қарамай: «Сөзің емес
денеме қамшың өтті-ау қап, Дәнеш, сендер көп те мен жалғыз, жалғызға
Алла жақ, Дәнеш» деп айтысын тоқтатпай, сөзімен шағып бара жатады.
Арашаға өзімен бірге келген жолдастары түсіп, сөз жарысында небір
оқиғалардың да айтыла беретіні көлденең тартылып, ақсақалдардың
мәжілісімен айтыс қайта жалғастырылады. Жанұзақ жұрт назарын өзіне
аударып шырқап жүре береді.
Жанұзақ:
...Алтыбастың төресі
Меңдікерей сойың –ды.
Адай, Беріш төресі
Хансұлтан мен Шорым –ды.
Меңдікерей төреңнен
Төмен болса Хансұлтан
Ол да менің сорым-ды.
Хан Жәңгірдің алдына
Онекі би барғанда.
Алтын қылыш байланып,
Кімге берген төрені.?!
...Екі бірдей еркем бар,
Ел бастайтын серкем бар.
Еркін қылған орным бар.
Істерсің сен боғымды,
Қайнатармын сорыңды.
Аттырармын өкпеңнен,
Аямастан оғымды.
Өткен менен кеткенді,
Атқан менен шапқанды.
Айтып бейбақ жеңбессің,
Жауабыңды айт орынды...


Дәмеш:
...Қорықтың ба адай қорғалап,
Келерсің әлі жорғалап.
Жауабыңды айтсаң орынды,
Келген кезде қайда едің?
Ерегесіп, егесіп,
Ат құлағын теңесіп.
Түсе қалдың базарға,
Тартынбай сөйле адайым,
Сырттан жатқан қораға,
Бөрі батып кірер ме,
Қара албастың тұрғанда,
Арбаң өрге жүрер ме.
Иісімді алып сыртымнан,
Мұралың мұндай берер ме.
Құлдар сауыт киер ме,
Арулар оны сүйер ме.
Сұлтансыйық тұрғанда,
Жолдық саған тиер ме.
Кескегіңді кесе ұстап,
Қыз тұсынан шықпайсың.
Қыз түгілі Сыйықтың,
Күңі аузыңа сиер ме.
Мына адайды ұрыңыз,
Екі көзін ойыңыз.
Сырыққа іліп қойыңыз
Сонадай тілін сурыңыз,
Табаға салып қурыңыз.
Қазанға салып пісірің,
Қамшыға жонын ісірің,
Есіне елін түсірің.
Құны бар ғой демеңіз,
Ит төлеуі бір күшік,
Отыз тана берерміз...
деп Дәнеш Жанұзақты тағы бір сабатқызып алғысы келіп, манағы сөзін
қайталайды. Бірақ бұл жолы оған ылығып қамшы көтергендер болмайды.


Жанұзақ:
...Сұлтансыйық аруы,
Қарамайсың күшіңе.
Қылдым ба екен деп едім,
Қарамастай бетіме...
Ерегеспей қой енді,
Қарулармын қояндай.
Шыдамайсың намысқа,
Таласасың қонысқа.
Адайменен ұрыспа,
Адайменен ұрыссаң,
Бишара ғана болғаның.
Болдың бахи орысқа.
Тіл тигізбе адайға,
Тіл тигізссең адайға,
Болмассың дұрыс құдайға.
Тіл тигізіп адайға,
Бишара болып тұрғаның,
Жем болып көршің ноғайға.
Қол көтердің сен кімге,
Қатыны байын сабай ма.
Ойлан жаным, абайла.
Қызыл тілдің бәйгесі,
Сөйлейтұғын сөз болса,
Ұмтылармын талайға.
Жұрттан озған күреңмін,
Жолдан озған біреумін.
Мен қаршыға, лашын,
Бишара бұтың созасың.
Сұлтансыйық баласы,
Қолыңнан келсе аян ба.
Екі бірдей еркем тұрғанда,
Қыларсың маған қаям да...
Дәнеш:
...Кенжеғара, Байғожа,
Алдиярдың тұсында.
Адай шіркін кім еді,
Үріккен қойға беттемес,
Салпаң құлақ ел еді.
Талай түсіп кісенге,
Алтыбасты әкелеп,
Құлдық тәубе
–деп еді.
Мойнына арқан тағылып,


Талай дүре жеп еді.
Адай деген кім еді,
Мал жапырған қоға еді.
Кешегі Балқи тұсында,
Мұндай сөзің жоқ еді...
Тоқсан жаста қарт бабаң,
Көшпен жаяу шұбаған.
Бесіктегі жас балаң,
Балқи десе жылаған.
Адай сондай қорыққан,
Түсіне Балқи енгенде,
Қойын сойып ертеңіне,
Ақсақалға жорытқан.
Адайдан егер қол келсе,
Көмек алмай, күш алмай,
Кеңес берер кісі алмай,
Жалғыз Балқи соғысқан.
Қалың қолмен тоғысқан.
Талайыңды тонаған,
Қойдай қуып сабаған,
Қызыл қанға бояған.
Кіші жүздің ішінде
Балқидай кісі барма екен.
Жасасқан жауға шабаған,
Шымырып сіңге қадаған.
Сен мақтансаң егерде,
Бердібегіңді айтарсың,
Қарт төбеттей қабаған,
Өз баласын талаған.
Бар бітірген өнері,
Іс бітірген жеделі,
Ішіндегі келімсегін сабаған...
Жанұзақ:
Маңғыстаудың қара ойы,
Әулиенің бар ойы.
Пірлер дәріс шашқан жер,
Пайғамбарлар басқан жер.
Жын –перілер қашқан жер,
Дін жауларын атқан жер.
Кәпір болып діні азған,
Арамзасын жұтқан жер.
Екі кісі жандасса,


Қай қарасын тұтқан жер.
Шаруаға жаққан жер,
Дәулет, иман тасқан жер.
Жетім бота баққан жер,
Қойдан қалған теке лақ,
Жабу жаппай шыққан жер.
Айдай алмас байлары,
Мыңнан саулық қоздатқан,
Мыңнан бие құлындап,
Жүзден мая боздатқан.
Біздің адай әнеки,
Артық жерің қанеки...
Шымырау суын ұрттамай,
Малы сірә семірмес.
Малы семіз, елі тоқ,
Тоқтығының белгісі,
Иті сүйек кемірмес.
Сендердей сірә жаланып,
Малын екі –үш идірмес.
Әйелдері сыпайы,
Күлге сүйек үйдірмес.
Үйге бала сидірмес.
Мәуелі жібек болмаса,
Қаланың қатты қаудырлақ,
Кенеп –шытын кидірмес.
Біздің адай асыл жұрт,
Достың отын сөндірмес.
Дұшпанның отын жандырмас.
Адамға қақын жегізбес.
Жау жүрек өсер жігіттер,
Ел шетіне жау келсе,
Жазатайым мал алса,
Артынан қуып жетерге,
Он жігіті бас қосса,
Жүз кісіге жеңдірмес.
Бірін –бірі кем көрмес,
Кем көргенін білдірмес.
Маңдайын жаудан аудармас,
Елге қайғы салдырмас,
Сауыт киер ерлері,
Атса оғы өтпейтін,
Шапса қылыш кеспейтін,
Шаншыса найза теспейтін.
Мақтанса да өзге жұрт,


Сірә адайға жетпейтін...
Дәнеш:
...Адай, адай, ит адай,
Көрсеттің ғой көрімді,
Шығардың ащы терімді.
Ішімдегі қозғадың,
Жеті қабат шерімді.
Мақтанасың ісініп,
Құдабай мен
Дәуімшарды бас қылып,
Жем бойында кім қырған,
Қырық кісі –еріңді.
Сындырғанмын беліңді...
Ойланғанға бұл сөзім,
Үлкен аңғар өлім-ді.
Қалың орман нуда өскен,
Орысымды боқтама.
Тас кеміріп тауда өскен,
Адайыңды мақтама...
Қайнар –Сағыз оттатпай,
Ұлы Жемге тоқтатпай.
Тауға дейін қуармын,
Тас қамалға қамармын.
Қолда өскен шұбармын,
Бір сөйлеуге құмармын.
Осы адайдан ұтылсам,
Талқандап жағын тынармын...
Жанұзақ:
Сеніңше Адай құл екен,
Байдың ұлы сен екен.
Байдың ұлы сен болсаң,
Айтқан сөзің шын болса,
Байұлының ішінде,
Орын алған кім екен?
Сен білмесең айтайын,
Ірінің Адай бірі екен...
Дарыған Қыдыр басына,
Өмір берген жасына.
Берекет берген басына.
Бақ –дәулетті күйі бар,
Жомарт сынды мырзасы,


Доспанбет сынды биі бар.
Сүйін сынды Ері бар,
Бекет сынды Пірі бар.
Айналайын ақ Дәмеш,
Меніменен айтысқан,
Маңдайыңның соры бар...
Сан жетпейтін сары Адай,
Аруағы бар Адай.
Таң сәріден шырлаған,
Бозторғайы -тырнадай.
Қарлығашы -қарғадай,
Қосаяғы -қояндай...
Айтпасқа барам шыдамай,
Жабылып шығар мыңдап қой,
Жарықтықтың бұлағы-ай!..
Мақтанарың қамыс па?
Маңғыстаудың қасында,
Осы жерің қоныс па?
Дәм айдаумен келгенмін,
Барсам жерім алыс па?!
Кәпірді елім дедің бе,
Сатып қоныс жедің бе
Күндердің күні болғанда,
Мына орысты көрдің бе,
Салыққа алар малыңды,
Айдауға салар ұлыңды,
Бұзар тілің, дініңді.
Осы айтқан сөздерім ,
Күндердің күні болғанда,
Айнымай келер басыңа...
Дәнеш қыз осы жерден Жанұзақтың сөзін аяқтатпай түзге шығуды
сылтауратып, орнынан тұрып кетіпті.- деп аяқтайды екен әңгімелерін
Мергенбай мен Нұрахан ақсақалдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу