Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  93


Автор: Қазданбай Қосжанов

ДОСТЫҚ ТОЛҒАУЫ

Бөлістік біз бейнет зарын сан ащы,
Біздің әркез тағдырымыз жанасты.
Қырғыз бауыр «Алпамысты» жырласа,
Қазақтан да шықты талай «Манасшы».
Жарлы жандар саналмаған аң құрлы
Революция дабылымен жаңғырды.
Тоқтағұлды қазақ халқы пір тұтса,
«Ақын атам» дейді қырғыз Жамбылды.
Азат таңның арайы ортақ болды да,
Аталардан қалды ән-күй, мол мұра.
Қатар жырлап келе жатыр соларды
Сенде қомыз, менде қазақ домбыра.
Сенен бастау, менен алып сағаны
Шу өзені баса-көктеп ағады.
Сәбит ақын басын иіп қырғызға,
«Шын бауырым – қазақ» депті-ау Аалы.
Арамызда асқақтайды Алатау,
Қос қыранын ұшырған зор ұядай.
Бет пішіні қандай ұқсас біздерге
Бір металдан құйған статуядай.
Қазақ жаяр дастарқанын елжіреп,
Қырғыз келсе, «Өз бауырым келді» деп.
Ал, қырғыздар ақ пейілін танытар,
Ыстықкөлдің тұнығындай мөлдіреп.
Бір тамырға егіз өскен шынардай,
Бірі сынса, екіншісі сынардай.
Мәңгіліккс айқасқан біз қос құшақ
Бірін-бірі аясынан шығармай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу