Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  94


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Босқа өткізбей өмірді...

Босқа өткізбей өмірді,
Ізденіңдер, жатпаңыз.
Дүниеге қызығып,
Ар-ұятты сатпаңыз.
Ере бермей нәпсіге,
Абыройды сақтаңыз.
Адалдықпен іс етіп,
Адам атын ақтаңыз.
Кім айтса, мейлі, сол айтсын,
Тура сөзді жақтаңыз.
Орынсыз жанды күйдіріп,
Кісіге жала жаппаңыз.
Айналып соғар алдыңнан –
Бейәділ кінә жапсаңыз.
Шарпуы тиер өзіңе –
Жанжалдың отын жақсаңыз.
Өз мініңді түземей,
Біреуге сын тақпаңыз,
Бумай тұрып беліңді,
Қайратыңды шақтаңыз.
Орынсыз бекер қомпайып,
Жоқты-барды шашпаңыз.
«Өсекке тыйым салам» деп,
Жұрттың аузын бақпаңыз.
Пайдасыз затқа жұмсамаң,
Артық дәулет тапсаңыз.
Іс еткенге ақылмен
Кесе түсіп, қақпаңыз.
Көп үшін туған жігітті
«Азамат ер» деп мақтаңыз.
Асылы, жаман болмассыз –
Жамандықтан қашсаңыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу