Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  96


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ЕСКЕ АЛЫП ЕСІЛ ЕРЛЕРДІ

I
Осындай жерге келгенде,
Жерім жоқ менің қысылған.
Сөзіме жерік жасымнан
Түркімен, қазақ – мұсылман.
Мен емеспін біреудей
Дүние қуып, ұшынған.
Қотыр болған түйедей
Емеспін өзім қышынған.
Айналайын елімнен,
«Ақын» деген ат беріп,
Қанат байлап, ұшырған!
Замандас, аға-інілер,
Қайғыланса азамат,
Елжіреп, жүрек тілінер.
Аңдыған ажал тап келсе,
Ашылып, іргең түрілер.
Жақсылығы жақсының
Іс түскенде білінер.
Ауызбірлік болмаса,
Ел арасы бүлінер.
Адымы алшақ арғымақ
Абайсыз болса, сүрінер.
Сынған сүйек жазылып,
Уақыт өтсе, кірігер.
Көтерер істің ауырын
Дініне берік, сірілер.
Бұл сөзіме түсінер
Ақылы мол ірілер.
Өлеңдер көп өзімде,
Жария болып, жатталған.
Жүрегінен халқымның
Орын алып, қатталған.
Солай бола тұрса да,
Жоқ шығар жерім мақтанған.
Бұлдамаппын сөзімді
Жылағанды жұбатып,
Елім үшін атқарған.
«Оңай олжа табам» деп,
Бас сынауға басқаға
Қосылмадым қапталдан.
Айтайын деп отырмын,
Өлгендерді еске алып,
Жүрегімде сақталған.
«Үлгі-өнеге алсын» деп,
Азаматтарға арнадым,
Әкеден жетім, жас қалған.
Әкесі өлсе жігіттің –
Құлайды қорған-қамалы.
Таусылғандай болады
Ақыл, айла, амалы.
Анасы өлсе жігіттің –
Тартылғандай болады
Дарияның арна-алабы.
Ағасы өлсе жігіттің –
Өрге басып, өрлеген
Бәсеңсиді талабы.
Інісі өлсе жігіттің –
Тынысы бітіп, тарылып,
Қысқарады қадамы.
Баласы өлсе жігіттің –
Қайғыртар ата-анасы,
Шаттық, думан арылып,
Сарғайтады сананы.
Тарқағандай көрінер,
Дүнияның қызық базары.
Дүнияға келген соң,
Белгілі ғой өлмегің.
Айырып адам біле алмас,
Ғұмыры қанша пенденің.
Қанша өмір сүрсең де,
Шытынап, сынбақ шөлмегің.
Байқамаймыз тіріде
Қайғының бұлты төнгенін.
Ажалға, сірә, амал жоқ,
Арандай ашқан шеңгелін.
Біреулер өлсе, біреу бар,
Азалайтын өлгенін.
Тағдыр бізге сыйлаған,
Өмір – қымбат, білгенге.
Ойсыз, мәнсіз кейбіреу
Мәз болады тірлікте
Бос ыржаңдап күлгенге.
Масайрайды зұлымдар
Алдап, арбап біреуден,
Жымқырып, бір зат ілгенге.
Тіршілікте не жетсін,
Өз жөнімен жүргенге?!
Сәл нәрседен жасқанып,
Білгеніңді жасырып,
Ойыңды тежеп, күрмелме.
«Міндетім, - деп, - өзімнің»,
Ит риза үргенге.
«Әсіреқызыл болам» деп,
Мың құбылып, түрленбе.
«Боламын, - деп, - салмақты»,
Әуреленіп, зілденбе.
Орнын таппай сөйлеген
Көреді зиян тілден де.
Жаман әдет – дертпен тең,
Айығу қиын болады,
Бойыңа дарып, сіңгенде.
II
Келген соң Берді үйіме,
Аңға түсер қырандай,
Отырмын түсіп күйіме.
Құрметтейді өзіңді,
Үлкен, кіші иіле.
Еңбегің үшін ұстаздық
Орденін тақты өзіңе,
Үкімет те сүйіне.
Атырауға белгілі,
Айтайын деп келемін
Есжанның ұлы Бердіні.
Азамат ол – ардагер,
Көрінбеген кемдігі.
Осы Қулымаякте
Екеу болса – біреуі,
Ақсақалың ендігі.
Өнегелі ұстазсың,
Әділдікті жақтаған.
Сөйлесең, сөзің тұрлаулы,
Адасып босқа лақпаған.
Көп сөйлемей орынсыз,
Ішіне сырын сақтаған.
Өзі біліп өз ісін,
Біреудің ізін бақпаған.
Көпшілікке беделді
Үлгі тұтып Бердіні,
Замандастар мақтаған.
Әзілі де сыпайы,
Біреуді тілдеп, шақпаған.
Сағы сынып біреуден,
Жері жоқ оның ақсаған.
Салқынқанды, сабырлы,
Келін менен баланың
Қолын тартып, қақпаған.
Қайсыбір жаман еркектей
Әйелмен есептесетін,
Емес тағы қатты адам.
Тәрбиелеп ұл-қызды,
Сары майдай сақтаған.
«Үздік ұстаз» атанып,
Ел міндетін ақтаған.
Өзіне сай жұбайы,
Жамандық жаққа баспаған.
Дүния тегіс болар ед –
Болса осындай жақсы адам.
III
Мұнан 40 жыл бұрын
Азаматты алпыс үш
Алып кетті арадан
Теңіздің дүлей дауылы.
Душар болды қайғыға
Балықшы елдің қауымы.
Тірегінен айрылып,
Қанаттары қайрылып,
Тыйылды елдің сауығы.
Біреудің кетіп әкесі,
Біреудің кетті бауыры.
Ойламаған іс түсіп,
Күңіреніп, күйінді
Қазақ, түркімен ауылы.
Қатын, бала тұл қалды,
Жазылмастай жауыры.
Арманына жете алмай,
Ажалға айла ете алмай,
Теңізден болып ажалы;
Жігіттердің мезгілсіз
Тарқаған бастан базары.
Қайғының бұлтын қаптайтын,
Халқына тиді азары.
Ажалға, сірә, шара жоқ,
Жағасынан теңіздің
Орын тапты мазары.
Қапыда кетті-ау бәрі де,
Таймай беттен ажары.
Ұмытпайды ұрпақтар
Сол күндерді азалы.
Шығармайды есінен
Қазіргі тірі адамдар
Мұндай ауыр қазаны.
«Өлді» деуге бола ма
Ел үшін еңбек еткенді;
Қамын ойлап халқының,
Абыроймен кеткенді;
Қиындықтан қаймықпай,
Тірілей азап шеккенді;
Өзі үшін емес, ел үшін,
Аяусыз терін төккенді?!.
Соғыстан соң еліміз,
Жасырайық несіне,
Күйзеліске дәл келді.
Мұндай емес, ол кезде
Азық-түлік аз болып,
Картөшкемен шектелді.
Ашаршылық тұсында
Нәрлендірген балықпен,
Кенезесі кепкенді;
Жайлыбайдың Есжаны
Қамқоры болған халқының,
Айта берсем өткенді.
Орнатылып ескерткіш,
Еңбектері еленген.
Азаматтар аяулы
Құрметке бөленген.
Қайғының бұлты ыдырап,
Ұрпақтары солардың
Рахат көріп, кенелген.
Жетімдер де жетісіп.
Азамат болып, теңелген.
Аттап өтіп келеміз
Кедергілі белеңнен.
Мен де ескерткіш орнаттым,
«Тоғыз қайық» дейтұғын
Ұмытылмас өлеңмен.
Алғыстарын беріп жүр
Хабары барлар өнерден.
Ешбір адам көрмедім,
«Жарамсыз» деп шегерген.
Жыршылар да жаттап, айтып жүр,
Риза етіп халқымды,
Көсегесі көгерген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу