Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  80


Автор: Айсырға Қилыбаева

НАУРЫЗ

Моншақтарын тағына
Наурыз келді тағы да.
Әсем сазы төгіліп,
Құстар қонды бағына.
Гүл-бәйшешек үлбіреп,
Көкшіл аспан мөлдіреп;
Шашу шашты күліп күн,
«Ару көктем келді» деп.
Ән шалқиды далада,
Сән-салтанат қалада.
Толып кетті жағаға
Теңіз құсы – шағала.
Ақша бұлттар қалқиды,
Жұпар иіс аңқиды.
Қуантып жас-кәріні
Шаттық күйі шалқиды.
Қарағайлар бүрлеп тұр,
Жасыл құрақ билеп тұр.
Күн астында көсіліп,
Жайылады көлбеп қыр.
Құтты болсын мереке!
Келсін ырыс, береке!
Сандуғаштар сайрайды,
Көктем көркін жыр ете.
Жайна, дала, жасарып,
Жырдан шашу шашайық!
Қызыл-жасыл киініп,
Наурыз тойын жасайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу