Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  116


Автор: Айсырға Қилыбаева

Ж-ҒА

Мәрт мінездер азайды қарапайым,
Аш жүрсе де, жаймайтын алақанын.
Әділеттің шегініп арғымағы,
Озып келді шорбасы жалатайдың.
Адам екі келмейді дүниеге,
Ұсақтар да кетеді, ірілер де.
Тірлігіңе тигізер септігі жоқ,
Жинап жүрген мүлкіңнің керегі не?!
Табысың көп, бірақ та намысың жоқ,
Апаң аш жүр, ал сенің қарының тоқ.
Екеуің де барасың Қамысбайға,
Қалады артта жинаған дүние-боқ.
Мақтамай жүр ел сені «Бай екен» деп,
«Кигені асыл, жегені май екен» деп.
Айтады олар: «Басқаның несібесін
Жымқыратын пасық бір жан екен», - деп.
Салқын көзден көп жерде жасып жүрсің,
Ағайынға жоламай, қашып жүрсің.
Болбыраған бетіңді жасырғанмен,
Теріс қарап, артыңды ашып жүрсің.
Артыңды жап, бетіңді аш, жарықты көр,
Өзіңе ұқсас аң емес, халықты көр!
Есігіңде жатырған төбетті емес,
Есігі жоқ бұралқы, арықты көр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу