Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  75


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЕКІ БЕСІКТІ ТЕРБЕТІП…

Жалаулы жарқын күндерім,
Алаудай аппақ гүлдерім.
Балаларым мен жырымды
Екі бесікте тербедім.
Өздерің барда – тірімін,
Бақыттылардың бірімін.
Өмірге келгем сәби боп,
Өздеріңменен ірімін.
Балалар – еккен жемісім,
Жырларым – жайған өрісім.
Өзекті жарған қос бөбек,
Гуілің қымбат мен үшін.
Гүлдерім бүршік жаратын,
Талпынып ұшар қанатым.
Ұзатып мені сапарға,
Артымнан шырақ жағатын.
Өздерің – менің тірегім,
Дүрсілдеп соққан жүрегім.
Адал боп сүріп өмірді,
Аман-сау жүрің – тілегім.
Өздерің – менің байлығым,
Көңілім бүтін, жайлымын.
Күлкілеріңмен тазартың
Қиын күндердің барлығын.
Өздерің – менің қуатым,
Биігім, асыл мұратым.
Аласармағай ешқашан
Тауларың өрлеп шығатын!
Қос бөбегімді әлдилеп,
Ұйқысыз таңдар атырдым.
Екі бесікті тербетіп,
Ана боп келе жатырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу