Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  136


Автор: Айсырға Қилыбаева

БЕКБАУЛЫ АТА – ҰЛЫҒЫМ

Қыраны көкте қалқыған,
Теңізі айдын шалқыған,
Жусаны жұпар аңқыған,
Айнымайды Маңғыстау
Ежелгі ғұрып-салтынан.
Сұңғыла ғалам сыр ашқан,
Қаратау көкке ұласқан.
Бедерін жердің ашып тұр
Құндақтап күнді нұрлы аспан.
Манғыстаудың тарихы –
Жазылып бітпес жыр-дастан.
Отырардың құрдасы,
Қарт жыраудың мұңдасы
Маңғыстаудың ғұмыры –
Дәуірдің терең тұнбасы.
Әруақты ата бабалар,
Шежірелері – жыр басы.
Үш жүз алпыс әулие
Қоныс қылған жерім бар.
Жеті жұртты кезекпен
Ығыстырған ерім бар.
Жақын қылып алысты,
Ырыс болған елім бар.
Манғыстау – жердің ұйығы,
Теңіз бен таудың тұйығы.
Пір Бекет пен Бекбаулы –
Асылдың екі сынығы,
Жасы қатар, замандас,
Адайдың екі ұлығы.
Маңғыстаудың ойында,
Ұланақтың бойында
Қасиеттері дарыған
Ұрпағы қалған соңында.
Жыр шашуын арнаймын
Бекбаулы атам тойында.
Үкілі дүлдүл ғасырда,
Екі жүз елу жасыңда,
Дүбірлі үлкен асыңда
Әруақты ата Бекбаулы,
Уысың толсын шашуға!
Аспанның ашық аясы,
Желбіреп үкі даласы;
Өрнекті бояу, өрім тал –
Каспиидің шайған жағасы.
Табиғатымен жарасқан
Ақтаудай әсем қаласы.
Екі ғасырдан ірісің,
Сынықшы, сиқыр, пірісің.
Ғарыштың тылсым күшімен
Жасайсың, мәңгі тірісің!
Ұрпақтар жатыр ас беріп,
Әруақты ата, сен үшін.
Бір өзің – үлкен шаһарсың,
Бір аунап бүгін жатарсың.
Алты жас екен араңыз,
Бекбаулы ата, есімің
Бекетпен қатар аталсын!
Ұрпақтарыңа ұрансың,
Тарықса, медет боларсың.
Жиналып елің, ас берді,
Бір жасап жатқан шығарсың.
Әруақты ата, жебей бер,
Қабірің нұрға боялсын!
Көгіңнен шуақ, шашып нұр,
Құшағын далаң ашып тұр.
Атамен толып ортамыз,
Желпініп көңіл, тасып тұр.
Күпірлік етсек, кешіріп,
Кесапаттардан қашық қыл!
Ұзағырақ толғауға
Уақыт талай кетеді.
Мақтан етер ұл-қызың
Жүзден асып кетеді.
Ұрпақтарың жайылған –
Қаратаудың етегі.
Жығылғанды демей гөр,
Сыйынғанды жебей бер!
Мұсылманның ақ жолын
Былғамасын дүлейлер!
Ел ішіне тыныштық,
Шарапат, ырзық тілейді ел.
Сандалғанға сана бер,
Зарыққанға бала бер!
Адасқанды бағыштап,
Ақ жолына сала гөр!
Қаріп пенен қасерді
Назарыңа ала гөр!
Асыл тамыр атамыз,
Жапырағы жайқалған,
Ұрпақ ерді артынан,
Өнер қуған майталман.
Күйлер қалды құйылып
Есір менен Шайхыдан!
Кербез күйші Қалшабек,
Інілері үлгі еткен.
Кешегі өткен Із-аға
Жыр бесігін тербеткен,
Қадам басқан өнерге,
Шыға салып жөргектен.
Ізбасардың інісі,
Әншілердің ірісі –
Маңғыстаудың Күріші.
Қайқылардың кешегі
Бүгінгі көзі тірісі.
Атағы елге жайылған,
Кеңіген өнер өрісі.
Ғарышпен тылсым тілдесіп,
Алауға бойды қақтадың.
Салауат үшін күн кешіп,
Қасиетіңді сақтадың.
Қиналғандарға дем беріп,
Харамның дәмін татпадың.
Рухыңа бас иіп,
Жыр арнадым толғанып.
Өнерпаздар күй төкті,
Арғы бабам сыйлаған
Домбыраны қолға алып.
Қабыл болсын ақ тілек,
Басымыз жатыр құралып.
Құран оқып басыңа,
Келдік, ата, асыңа.
Ат шаптырып, той жасап,
Шығардық сізді құрметтеп
Екі жүз елу жасыңа.
Құтты болсын тойларың,
Келген халқым жиылып!
Мінәжат еткен, Атаның
Әруағына сыйынып.
Желеп-жебеп біздерді,
Жатқайсыңыз пейіштің
Ақ нұрына шомылып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу