Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  71


Автор: Айсырға Қилыбаева

Аңғалдығым сын болды өміріме...

Аңғалдығым сын болды өміріме,
Тырыспадым тұлға боп көрінуге.
Намысшылмын, аршылмын, тікелеумін,
«Жасық жан» деп ойлама мені мүлде.
Араласып қиындау тағдырына,
Қайысушы ем біреудің зар-мұңына.
Батпан-батпан жүк арттым омырылмай,
Таң қаламын өзімнің нарлығыма.
Сыйлағандар кешегі құрақ ұшып,
Кетті бәрі бүгінде бұғағы өсіп.
Бәрі өтірік сияқты біреулердің
Жалпылдауы «дос», «тума», «құда» десіп.
Жақын көрдім талайды күліп тұрған,
Өмір – сапар талайға жолықтырған.
Мардымсуын көргенде болымсыздың,
Тұлыбыма мен әрең сыйып тұрам.
Көңіл – түнек, ұйқы жоқ ұзақ түнде,
Мазалағыш қиялдар қоздап менде;
Төрт қабырға – оттегі жетіспейтін,
Бөлме емес, сияқты тозақ-түрме.
Теріс пиғыл бір жанға тілемеген,
Түтін шалып, жаныма күйелемең.
Түндігі ашық күркем тұр, түйеге артып,
Қолымды сілтей салып, жүре берем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу