Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  98


Автор: Айсырға Қилыбаева

АСПАНДЫ КӨРДІМ ШАЛҚАЙЫП

Бал-аяқ болып келгенмін,
Аспаннан емес, жерденмін.
Қып-қызыл қаным өрт болып,
Жалыннан өлең өргенмін.
Аспанды көрдім шалқайып,
Арманды қудым марқайып.
Уақыт көшіп барады
Ұйыған сүті шайқалып.
Қаратау жатыр шіреніп,
Аспанға басы тіреліп.
Бозторғай ұшқан боз төбе,
Шаруасы жайлы ел едік.
Ақ шәлі бұлты үлбіреп,
Сөгіліп жатыр селдіреп.
Теңбіл көкке қарайды
Үкілі дала желбіреп.
Еңсесі басқан төбені,
Тауларым паң да, өр еді.
Әруақтардан дарыған
Пейілді еді, кең еді.
Мыңғырып өрген түлегі,
Шеткері жатқан түбегі.
Құлаған ойы теңізге,
Қақталып күнге қыр елі.
Мұңалбай шауып жүр еді,
Ұстапты бүгін жүрегі.
Қорасы кеткен күреліп,
Толыбай жасын төгеді.
Қиянда жатқан мекенге
Қараушы еді үркіп Үкең де.
Баспана болды бұл күнде
Алыста жүрген шет елге.
Көгілдір әлем – көркем ой,
Бөлей гөр жанды шуаққа!
Қанатын қаққан армандар
Аласармасын бірақ та.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу