Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  68


Автор: Айсырға Қилыбаева

Түнерсе көкте күзгі бұлт...

Түнерсе көкте күзгі бұлт,
Іздеймін сені үздігіп.
Жанымды нұрға толтырған,
Шуағын шашқан ізгі үміт.
Қабырғам қақсап, қақырап,
Өлуге жаттым жақындап.
Қабағын түйіп қыраулы,
Жатбауыр тұрды бақылап.
Мақсат та жоқ, тіл де жоқ,
Жәндік болдым жер басқан.
Дәрменсіз, әрсіз түріме
Жирене қарап тұрды аспан.
Кеселім қинап жатқанда,
Күш бермей шипа, дәріге;
Жақыным болып жүргендер
Жоламай кетті бәрі де.
Тік ұстап бойды жүргенмен,
Көңілім кейде көрмен тең.
Ұйқылы қауым тұсынан
Бетімді сипап күнде өтем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу