Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  328


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТАБИҒАТЫҢ – ТАЛ БЕСІК

Түн үрейлі – шырақтарын жақпаса,
Жұлдыз-моншақ, ай-сырғасын тақпаса.
Теңіздің де байқалмайды тірлігі –
Буырқанып, толқын тулап жатпаса.
Әлем күңгірт – күн шуағын шашпаса,
Адам күңгірт – жан сарайын ашпаса.
Егер тірі әрекеттер болмаса,
Жаратылыс күй кешеді басқаша.
Меңіреулік қымтап жатар жер бетін,
Алма-кезек ауыспаса күн мен түн.
Өсімдік те, мақлұқат та өркендеп,
Аша алмас ед жарық дүние келбетін.
Табиғатқа кеселіміз тимесін,
Қинамайық, тартып алып бермесін!
Арасында табиғат пен тірліктің
Жаратылған махаббат пен үйлесім.
Табиғатты аялайық, сүйейік,
Табиғатпен бірге өсіп, өнейік!
Табиғатты біздер үшін жаратқан
Қорғау үшін, жасау үшін иелік.
Табиғаттың құшағында бәріміз,
Қаулап өскен тіршіліктің дәніміз,
Табиғаттың көңіл күйін төрт түрлі
Шырқап салар үзілмесін әніміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу