Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  131


Автор: Айсырға Қилыбаева

ӨМІР ТУРАЛЫ

Көргенде жамандықты ашынасың,
Көңілдің күйі келмей, басыласың.
Жақсымен кездескенде бойың сергіп,
Сарбалақ шәй ішкендей ашыласың.
Өткір сөз, өктем мінез ерге лайық,
Салқын қан, сырбаз мінез биге лайық.
Ойыңды көрсететін іс болмаса,
Ауызбен орақ орып жүрген – айып.
Бай білетін ақылды құл біледі,
Бай сөйлейді, құл бірақ үндемейді.
Таяқтыдан аяқты сескенеді,
«Бүлдіріп алармын, - деп, - бірдемені».
Жүргендер ұяттары тапшы болып,
Кетіпті бұл күндері бақсы болып.
Иманын қашырғандар Құдайды алдап,
Жүреді әулиеге сақшы болып.
Байқасаң, өмір – үлкен сынақ екен,
Әр пенде бір-ақ рет туады екен.
Достық та, махаббат та, тіршілік те
Табысып, қоштасудан тұрады екен.
Қажылар мұсылмандық тұтынғаннан
Парызын өтеу үшін Мекке барған.
Біреу жүр бетін жауып, сүйретіліп,
Сәуріктей сүйретіліп шетте қалған.
Әр адам – том-том кітап оқылмаған,
Неліктен Прометей от ұрлаған?!
Дана да, әйлеңкес те, арамза да
Ажалдың құрығынан құтылмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу