Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  95


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚИЯЛ

Қанаттарын таң нұрына аунатып,
Шағалалар қанат жайған Каспийге.
Ұйықтап қапты тыңдап теңіз сарынын,
Биік жартас, берік қамал – тас кеуде.
Кең әлемге күн шуағын таратқан
Бес саусақты теңгермеген Жаратқан.
Тіршілік те – ала-құла, байқасаң,
Күштілерге әлсіздерді талатқан.
Біреу – семіз, біреу – арық, қарасаң,
Биіктерге жете алмайды аласаң.
Алысады пенделер мен өңгелер,
Көкжиекті көрсетпейді ала шаң.
Аспан ортақ маған, оған, саған да,
Өмір ащы, өмір тәтті адамға.
Кейде сыймай, қусырылып жүреміз
Шекарасыз он сегіз мың ғаламға.
Ащы, тәтті алысады алаңда,
Өмір деген кіп-кішкене аралда.
Мақлұқаттар келіп-кетіп жатады,
Бірі – тірек, бірі – күрек заманға.
Біреу – тарпаң, біреу – жалтаң, біреу – от,
Тепе-тең боп жаратылған пенде жоқ.
Жаққан отың лауламайды мәңгілік,
Қоламтаға айналады қызыл шоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу