Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  90


Автор: Айсырға Қилыбаева

КЕЛ, АҒАЙЫН!

Кел, ағайын, таныса бер, көре бер!
Анау – шалдар кеңес құрған төбелер.
Тас кітаптар жатыр мұнда қатталып,
Тарихшы, ғалым болсаң сен егер.
Анау – менің қарт Каспиім тулаған,
Жағасында шағаласы шулаған.
Бойын жазып, далам жатыр керіліп,
Келбетіне көзін тігіп тұр ғалам.
Уақыттар өлшей алмай адымын,
Далам талай тудырыпты дарынын.
Ептіліктен тектілігі басымдау,
Адай дейтін ел боламыз адуын.
Жымысқылық, тіленуді білмейтін,
Көмескіні көздеріне ілмейтін,
Табиғаты тағы мінез, тарпаңдау,
Қасаңдық пен тосаңдыққа көнбейтін.
Ақтауда айдын, Қаратауда құты бар,
Замандасы – көшіп кеткен Отырар.
Ар жағы – Сақ, бер жағы – Адай шықса да,
Тапжылмайтын қатып қалған шоқылар.
Батыры мен ақындары арқалы
Тұлпар-тұяқ дала күйін тартады.
Көкірегінің күні ашық жолаушы
Маңғыстаудан жыр арқалап қайтады.
Кел, ағайын, таныса бер, көре бер,
Ұлылықты көргің келсе сен егер.
Жатыр мұнда қайсарлықтың құрбаны –
Қорамсақтан суырылған жебелер…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу