Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  153


Автор: Айсырға Қилыбаева

КИЕЛІ ӨЛКЕ

Тұла бойы – тұнған аңыз ертегі,
Тау мен тасы тылсым сырын шертеді.
Үш жүз алпыс әулиесі тоғысқан
Кім білмейді бұл киелі өлкені?!
Ұлы далам, дархандықтың төрісің,
Бабаларым қанын төккен сен үшін.
Мерт болыпты оққа тосып кеудесін,
Ұрпағымның кеңітем деп өрісін.
Жақпар-жақпар Қаратаудың сілемі,
Сұстылау боп көрінгенмен реңі;
Бұлағынан тамыр тартып тіршілік,
Етегінде төрт түлік мал түледі.
Жарық дүние, сені көріп көзіммен,
Өмір деген ұлылықты сезінгем.
Арманымның мағыздарын қалдырып,
Сүлдерімді алып кетем өзіммен.
Бір қуанып, бір мұңайған күндерім,
Түлен түртіп оянатын түндерім!
Көп сүрініп, қалыс-шалыс жүрсем де,
Әлі күнге бір де құлап көрмедім.
Масаңды ұғып, қасаңдыққа көніппін,
Данаға да, наданға да кезіктім.
Адамдарды түрін түстеп таныдым,
Тәттіні ішіп, ащы дәмін сезіппін.
Үлкен бастар сия алмаған өлшемге...
Кіші бастар үлкеймейді үрсең де.
Ишаратсыз бола алмайсың Қашаған,
Ұзақ жасап, ғасыр өмір сүрсең де.
Тіршіліктің ергеніммен көшіне,
Ұқсамадым үлкенге де, кішіге.
Жатар бөлмем көрінгенмен жұпыны,
Қазынам мол жинақтаған ішіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу