Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  250


Автор: Айсырға Қилыбаева

АТАМ – ҚАЗАҚ

Атам – қазақ, анам – қазақ, өзім де,
Талай қазақ келеді, әне, ізімде.
Тілім қазақ, түрім қазақ,
Мықты күре тамырым,
Жігер оты жарқырайды көзімде.
Атым – қазақ, затым – қазақ, тегім де,
Қазақ исі аңқып жатыр жерімде.
Байрақ іліп қастерлеген бабалар,
Намыс туы желбірейді көгімде.
Намыс туы, биіктей түс, құлама,
Мұзбалақтар тұғырында,
Ағытулы томаға.
Тірілді рух – тасқа айналған ерліктер,
Мыңжылдықтар бетін жапқан ғұлама.
Бала қазақ, дана қазақ, кәріміз,
Бір аспанның астындамыз бәріміз.
Тұрандатып, ұрандатып шырқайық,
Асқақтасын, кең далада әніміз!
Табиғатын көрсететін жасырмай,
Тұра ұмтылар басынан сөз асырмай.
Кең пейілін, көңілдерін көл-көсір
Қалдыратын жалғыз атым насыбай.
Жаратылған адуын да ақберен,
Бағаланбас биіктігі тақпенен.
Үйге кірген жыланды да «қонақ» деп,
Ең адал ас – сыйлап жатар ақпенен.
Менің атам, менің анам осындай,
Төрлетіңіз босағада тосылмай!
Қазақтардың жайланбайды көңілі,
Төрде басы, малы өрісте қосылмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу