26.07.2022
  498


Автор: Сақып Керелбаев

ХАЛЫҚ ҰЛЫ ХАЛЕКЕС

Кешегі қатар жүрген замандастарыңның қатары сиреп бара жатқанда:


«Қандай заманда, кіммен өмір сүрдік, олар қандай адамдар еді?» деген ойлар мазалай бастайды. Сонда күнделікті өмір тіршілігімен қадірін жете бағалай қоймаған жолдастарымыздың еңбегі екшеліп, тұтас тұлғасы көз алдыңнан өтеді. Маңғыстаудың қасиетті Қаратауының бірі жоғары, бірі төмен жатқан шоқыларындай қатарласып, жүздері жарқырап тұра қалады. Оларды өз замандастарыңмен, алдыңғылармен, бүгінгі ұрпақпен салыстыра қарайсың. Сосын барып, өткен заманның қыспағында жүріп-ақ, ұлы азаматтар тәрбиеленіп, шынығып шыққанын, адамды ардақ тұтып, оның қадірі мен еңбегін әспеттеген қоғамның биік мәртебелі қызметін амалсыз мойындайсың. Солардың көбі өз дәуірінен қалған ескерткіштей тік тұрып, биіктен көрінеді.


Біз әңгіме қылып отырған Ахтанов Халекес ағамыз да тап осындай жан болатын. Туып-өскен Гурьев облысының Забурын жерінде ер жетіп, өмірінің қыры мен сырын түсіне бастаған жасөспірім жігіт халық берекесі мен дәулеті болып табылатын ауыл шаруашылығында есепші, хатшы болып, ел ризығы жолында еңбек ете бастаған кезде соғыс өрті лап ете қалды. Отанын аман-есен қорғап, офицер шенінде елге оралған Халекеңнің бүкіл өмірі мен қызметі алдымен атыраулық жерлестерімен, кейіннен маңғыстаулық елдестерімен бірге өтті.


Гурьев облысы қарамағындағы Маңғыстау ауданының орталығы Таушықтағы біздің өңірдің жұмысшы мамандығын беретін жалғыз оқу орнына директор болғаннан бастап Халекең өмірі қасиетті түбегімізбен бірге өрілді. Менің жеке басымның ағамызды білуім оның Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бастықтың орынбасары болып қызмет жасап жүрген 1970 жылдан басталады. Өлкемізде өз алдына шаңырақ көтерген Маңғышлақ облысына Халекең облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы болып жұмысқа келгеннен бастап, өмірінің соңғы кездеріне дейінгі аралықта қоян-қолтық қарым-қатынаста болдық.


1973 жылы бізде облыс құрылуы басқа салалармен бірге ауыл өмірінде бұрын елестетуге келмейтін оңды істер мен жаңалықтарды, айтулы өзгерістерді әкелді. Мал басы барлық түрінен қарқынды өсті. Жаңадан қаншама кеңшарлар құрылды.


Елді мекендерді айтпағанның өзінде, көптеген қыстақтарға электр жүйелері жеткізілді. Жүздеген шақырым қатқыл табанды жолдар салынып,


 


ауыз су құбырлары тартылды. Тұрғын үйлер мен типтік жобадағы мал қоралары жаппай салына бастады. Село орталықтарында жаңа үлгідегі мектептер мен балабақшалар, клубтар мен кеңсе ғимараттары, тұрмыстық қамту комбинаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, мал азығын ұқсататын цехтар тұрғызылды.


Жер асты суларын тиімді пайдалану арқасында тоғандар салынып, скважиналар мен құдықтар қазылып, Ұланақ, Тасмұрын, Төңірекшың егін алқаптары мен көптеген шағын егіс танаптары мал азығының қорын көбейтуге қол жеткізді. Жайылымы жұтаң, суы тапшы Маңғыстау өңірінде ғылым мен техника жаңалықтары батыл іске асып, оған қашаннан қиындық жағдайда мал бағудың қыры-сырын жетік меңгерген малшылар мен мамандардың үйлесімді қызметі ұштасып, қоғамдық мал басы барлық түрінен де еселеп өсті. Еңбек өнімділігі артып, шығарылған өнімнің өзіндік құны анағұрлым төмендеді. Нәтижесінде облыс ауыл шаруашылығының тиімділігі артып, жыл сайын алынатын таза пайда еселеп көбейді. Мұның бәрі, сайып келгенде, саланың барша еңбеккерлерінің әл-ауқатының жақсаруына игілікті әсерін тигізді.


Ауыл шаруашылығына өндірістік кәсіпорындардың шефтік көмегін көрсету жақсы жолға қойылды. Бұл ретте облыстық партия комитетінің және оның бірінші хатшылары Тұтқабай Әшімбаев пен Саламат Мұқашевтың еңбектері орасан болды. Міне, айта берсе, көп уақыт керек ететін осындай игі істердің басында, табиғи дарындылығы мен табанды еңбегі арқасында өлкеміздің ауыл шаруашылығы өндірісінің шын мәніндегі тамаша командиріне айналған Ахтанов Халекес тұрды. Ол үнемі ізденісте жүретін, тәжірибе мен жылт еткен ғылым жетістігін Маңғыстау жағдайында қалайда іске асыруға тырысатын. Әрине, тәжірибенің барлығы үнемі сәтті бола бермейді. Дегенмен, Халекең бастаған істер көбіне өз шешімін тауып жататын. Оның білімдарлығына, кәсіби біліктілігіне, қай мәселені де нақты дәлелдермен ұғындыра білетіндігіне, жолдасын жолда қалдырмайтын қазақы болмысына, қос тілдегі сөзшеңдігіне тәнті болатынбыз.


Бір қарағанда, сырт көзге кісікиік көрінгенмен, Халекең табиғаты қарапайым, жолдастыққа адал, мінезі ашық азамат еді. Көпшілікпен қарым- қатынастарында осындай қарапайым көрінгенмен, қызмет бабында ағамыз тым жұмсақ емес-тұғын. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да, айналасына да, қатты талап қоя қарайтын. Бірақ ниеті таза, адал адам біреуге жаманшылық жасаудан, жаман сөз бен әдеттен таза болатын. Кейде елгезек көрінетін және ширақ қимылдайтын ол енді бірде жұмсақ қамқор ағаның бейнесіне түсетін. Қатты кейігенде қалшиып қалатын Халекеңнің айтуынан қайтуы тез еді. Кекшілдік оған жат мінез болғандықтан, тәртіпсіздіктерге ренжігенмен, қатты жазалауға бармайтын.


Жалпы, ағамыз текті жанұядан шыққан болуы керек деп ойлаймын. Себебі, оның өз басының тәртібі, өмір сүру қалпы өзгеше болатын. Ол ылғи да сәнді, қарапайым болса да әдемі киінетін, үстіне қылау жұқтырмайтын. Шаруа аралаған кезде қыстың өзінде қалың киініп, қобырайып жүру оның әдетінде жоқ-ты. Жүріс-тұрысынан дегдарлық танылатын. Жасыратын ештемесі жоқ,


 


кейде шаруашылық мәселелері бойынша қызу айтыстарға түскен кездеріміз болса да, ешуақытта екі жақты сыйластық қалпын бұзбай өтіппіз.


Әркім – сенімнің құлы. Сенім адам өмірінің ұзақ сатыларында әртүрлі жағдайларының ықпалымен қалыптасады. Сенімі үшін күрескен адамды айыптауға да, кінәлауға да болмайды. Халекең мен біздің сеніміміз коммунизм идеялары мен кеңестік тұрмыс-тіршілік жағдайларында қалыптасты. Бәріміз де социалистік қоғамның мәңгілігіне сендік, коммунистік мұрат үшін күрестік. Қоғамды нығайтуға бағытталған еңбекшілдік, адалдық, тазалық сияқты ұғымдардың бәрі сол мұраттан туындайтынын көрдік. Ол кезде коммунист болу – осы қасиеттердің жиынтығы ретінде қаралатын. Халекең сол коммунист қалпында өтті, қайсыбіреулер сияқты Ельцин мен Жириновскийшілеп, партбилетін «алдымен тапсырдым» деп, жарты әлемге жар салған жоқ.


Халекес Ахтанұлы тура жолдан таймайтын турашыл, ешкімге қиянат жасамайтын адал, шашпалыққа жаны қас, тәртіпті сүйетін басшы ретінде есімізде қалды. Облыстың ауыл шаруашылығына одан кейін басшылық жасаған Ш.Сұлтанов, С.Әбішев, Ж.Қоңырбаев, Қ.Жеткізген, Д.Сейбағытов, Ғ.Сағымбаев, Т.Қалжанұлы және осы естеліктің иесі – бәріміз, дүниеден өткені бар, тірісі бар, лауазымдарының жоғарғысы бар, төменгісі бар, қаншама Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы өндірісінің басшылары – Халекеңнің қызметтес қолғанаты, әріптесі және шәкірті болдық. Олай болса, осыншама шәкірті бар ағаның тірлікте өзі, о дүниеде әруағы риза болған шығар. Бір сөзбен айтқанда, оның ізденіске толы, толымды істері Маңғыстау даласының қай түкпірінде де сайрап жатыр.


Ол өз өмірінде талай қызметтер атқарыпты. Басшылық қайда жұмсаса да, қандай жұмыс ұсынса да, тартынбапты. Қашанда ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, парасатты тұлға біздің өңіріміздегі өмірінде үлкен абыройға да, тиісті жоғарғы марапаттарға да ие болды. Ағамыз отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Қайда да жауапкер, қайда да іскер, қайда да заманымыздың белгілі қайраткері, қадірлі азамат қалпынан өзгерген жоқ. Орын оны көркейткен жоқ, орынды ол көркейтті. Ешуақытта ешбір қызметте артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, келемеж сөз ерген емес.


Ахтановтың ақтығы мен тазалығының өзім білетін бір көрінісі – 1995 жылы қайтыс болғанда, үйінде не соятын малы, не жұмсайтын қаржысы болған жоқ. Көп болып жұмылып, соңғы сапарға шығардық, мұсылманшылық қаделерін атқарысып, жанұясының қайғысын бірге бөлістік. Жерлеу комиссиясын басқарғандықтан, мұның бәрін көзіммен көргендіктен айтып отырған жайым бар.


1973 жылы Тұщықұдық кеңшары құрылған кезде Маңғыстаудың ардақтысы Әбдірахманов Сисен директор болып тағайындалғанда, мен бас экономистік қызметке Халекес Ахтанұлының бұйрығымен барған болатынмын. Одан кейін облыстық партия комитетінде, Маңғыстау аудандық партия комитетінде, облыстық әкімшілікте жұмыс жасаған кезде ол кісімен ұдайы және қоян-қолтық араластық, бірге жүрдік. Көп нәрсеге үйрендік, біраз тәлім алдық.


 


Қорыта айтқанда, бір жәйттің басы ашық: ол өзінің өмір сапарында табиғат сыйға тартқан дарынын да, тағдыр-талайы маңдайына жазған қажыры мен қайратын да аяп қалған жоқ. Облыстың ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары және агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, сан алуан медальдармен, «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Менің түсінігімде, Халекеңнің өмірдегі басты наградасы – өмірлік жары Бөпіш жеңгеміз болды ғой деймін. Мінезі жұмсақ, табиғатынан адал жан отбасының әдеп-салтын бұзбай жалғастырып, әйел болып билікке таласпай, отағасысын алға ұстап, бала тәрбиеледі, немерелерін қөрді, ағайын-туыстарымен осы кезге дейін сыйласып, Ахтанов шаңырағын төмендетпей, ел қатарлы өмір сүріп келеді.


Азамат бақыты – халқында, соның сүйіспеншілігінде. Мұны кейінгі ұрпақ Халекес Ахтанұлынан соң анық сезінуде. Ендеше оның есімі ұмытылмайды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу