26.07.2022
  786


Автор: Сақып Керелбаев

ХАЛЫҚ БАТЫРЫ СҮЙІНҒАРА

 


Қандай да болмасын, өркениетті елдігімізді көрсететін елдік мәселелер дер кезінде өзіндік шешімін табуымен құнды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, көптен айтылып та, жазылып та жүрген, үлкен қоғамдық пікір туғызған, батырдың өзінің тікелей ұрпақтарының бастамашылығымен талқыға түскен Сүйінғара Үргенішбайұлының 250 жылдық мерейтойын атап өту мәселесі ақыры оң шешімін тапты. Бұған байланысты облыс әкімінің арнаулы шешімі шығарылып, мені мерекені өткізу жөніндегі облыстық комиссияның төрағалығына бекітті. Осыған байланысты халықты құлағдар ету және қысқаша Сүйінғара батырды таныстыру мақсатында шағын мақала бергенді жөн көрдім.


Иә, сонымен біздің басты кейіпкеріміз Сүйінғара батыр кім еді? Оның халқына қандай пайдасы тиді?


Сүйінғара Үргенішбайұлы – өзі өмір сүрген 85 жылдың ішінде Кіші Жүз еліне ықпалды әрі би, әрі батыр атанған адам. Ол Жетімек Жары руынан, 1756 жылы туылып, 1841 жылы дүние салған. Бейіті Үстірттің қарнауындағы «Сисем


 


Ата» қорымында. 1995 жылы ұрпақтары басына келісті қылып күмбез тұрғызды.


Шындығында, ел мен жерді сырт жаудан қорғау, елдің елдігі мен жердің тұтастығын сақтау, туған топырақты қаскөй дұшпанның табанында таптатпау – нағыз ерлердің ісі. Міне, осы жағынан алып қарағанда, заманында осынау ұланғайыр аймаққа өз әмірі мен билігін жүргізе білген, ең бастысы – киелі Маңғыстауды жат жұртқа таптатпауда асқан батылдық пен батырлықтың да, өрелілік пен өжеттіктің де, мақсаткерлік пен мәмілегерліктің де асқар биігіне көтеріле білген көреген көсем, айтулы шешен, сарабдал саясаткер, қолбасшы, қайраткер Сүйінғара Үргенішбайұлының шоқтығы тым биік болып көрінеді. Өткізілмекші мерекенің ағайын аумағынан шығып, бүтіндей елдік, халықтық, аймақтық деңгейде сипат алуы да сондықтан.


Сүйінғара Үргенішбайұлы – қарама-қайшылығы мол заманда өмір сүрген тарихи тұлға. Сол замандағы Маңғыстаудағы қоғамдық-саяси жағдайға орай, уақыт талабына сай әрекет істеген Сүйінғара батыр екі жақты қыспақта болды. Солтүстіктен алып Ресей империясы бүйірлей енуге әрекет етсе, оңтүстігінде көршілес жатқан Хиуа хандығының шапқыншылығынан маңғыстаулықтар қатты зардап шекті. Осынау қиын кезде елі мен жерін сыртқы жаулардан қорғау үшін атқа қонған оның арыстандай күш-қайраты мен жолбарыстай жүректілігі, қолбасшылық таланты жарқырай көрініп, жан-жаққа аңыз болып тарады. Еліміздің шекарасын мөлшерсіз кеңейтіп, ырысын өлшеусіз молайтқан жауынгер тайпа – Адай ұлысының ұлттық тарихымыздың парақтарынан ойып орнын ала алмай жүрген өксікті шерлерінің, кескекті ерлерінің ішінде орыс үкіметінің де, іргедегі Хиуа, одан арғы парсы жұртының да назарын ерекше аударған ерен тұлға – осы Сүйінғара. Онымен Мұхамбет Рахим да, Аллақұл да санасты, тіпті Сүйінғарадан сескенді де. Орыстардың өзі оған жылы сөйледі. Бұған атақты ақын Абыл Тілеуұлының мына өлең жолдары куә:


Адайда бір жан едің ар қуардай, Өзіңдей енді қатын ұл туар ма-ай?! Ерегес екіталай болған жерде


Сүйекем сөйлеуші еді-ау қарқуардай...


Адайлар мен Хиуа хандығының арасындағы ұзақ жылдар бойындағы қақтығыс, тонау, жесір алу, мал барымталау халықты әлсіретті. Хиуалықтар көшіп жүрген адай ауылдарын шапты. Сүйінғара батыр да қарап қалған жоқ, олардың өз істегендерін өздерінің алдына келтірді. Мал да алды, жесір де алды. Ол  Хиуаның  сауда  керуенінің  жолын  бөгеді.  Жер  салығын  талап  етті.


«Жерімнен өттің» деп, «Сүйінғара сыбағамды беріңдер!» деп, керуенге салық салды. Бұл екінің бірінің қолынан келді ме? Әрине, келген жоқ. Осылайша, Сүйінғара атағынан ат үркетін, жауын жабағы жүндей түтетін ел қорғанына айналды.


Алайда, жасыратыны жоқ, ел ішінде «Сүйінғара түрікпенге ауылын шаптырды, інісі Керек пен Құлбарақ батырлар бастаған көп адам бейкүнә өлді, Жансалқам мен Айсалқам атты екі қызы жауға олжа болды, сөйтіп, адайдың бетіне таңба салды» дейтін де әңгімелер бар. Жағдайды жан-жақты таразылай алмайтын, сөз түсінбейтіндер үшін бәрі бір, «алды – жөн, арты – соқпақ». Он


 


алты жасында ер Қармысқа атқосшы болып еріп барып, Хиуа ханының адында өзін танытқан батыр тура жетпіс жыл бойы Адайдың пантеоны «Сисем Ата»- Аютөсте мәңгі тыныс тапқанша, саусағы асфаһани қылыштың балдағынан, мойны ел-жұрты артқан жүктің салмағынан бір сәт те ажырап көрмепті. Әбіш Кекілбайұлының пайымдауынша: «Сүйінғара өз тұсындағы бүкіл қазақтық мәселелерге жан аямай кіріскен еді... Сондықтан да, оның басы ылғи дауда, жаны ылғи шүберекке түюлі өтті». Осы ретте исі Алаштың айбары болған, өз халқының болашағы үшін күресте жан аямас ерлік жасап, іргеміздің бүтіндігіне ықпал еткен саяси қайраткер тұлға бола білген Сүйінғара Үргенішбайұлының ерлік пен өнегеге толы, күрмеуі қиын күрделі тағдырын бүгінгі ұрпаққа үлгі ете білу – баршамызға міндет деп ойлаймын.


Аталған мерейтойдың басталуы қазанның 27-сіне межеленіп отыр. Осы күні таңертең Н.Жантөрин атындағы драма театрдың үлкен залында «Елі сүйген Сүйінғара» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталады. Онда ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, жерлесіміз Жұмат Тілепов, тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаев, белгілі өлкетанушы, қарымды қаламгер Әбілқайыр Спан баяндама жасайды, басқа да білікті ғалымдар мен сөйлеушілер, беделді құттықтаушылар бар. Одан кейін Ә.Спанның әлі бояуы кеппеген, өте жоғары сапамен шығарылған жаңа туындысы – «Сүйінғара» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіледі.


Түс ауа өтетін ақындар мүшәйрасы драма театрдың кіші залында, ал жыршы-термешілер сайысы облыстық филармонияның залында болады. Ақындар өздерінің Сүйінғараға арнаған тың шығармаларын оқыса, өнер тарландары батыр бабалар туралы ерлік жырларын толғайды. Осы мезгілде Жетібай кентінде батырдың ұрпақтары салдырған Сүйінғара атындағы мешіттің ашылуы болады.


Кешкілік қала сыртындағы киіз үйлер қалашығы жанындағы сахнада өлкеміздің белгілі өнерпаздарының күшімен кеңейтілген концерт қойылады. Одан кейін кешкі қонақасыда батыр рухына арналған ас беріліп, Құран оқылады. Қазанның 28-інде таңертеңнен бастап аламан бәйге, жорға жарыс, балуандар белдесуі, кір тасын көтерушілер сайысын тамашалауға мүмкіндік туады. Ат шабыс алаңы жанында сауда нүктелері жұмыс жасайды, яғни тамақтанушылар үшін жағдайлар туғызылады. Бәйгеге – 2, жеңімпаз балуанға, ақындар мүшәйрасы мен жыршы-термешілердің озып шыққандарына бір- бірден 5 автокөлік сыйланады. Басқа жүлдегерлерге бөлінген сыйлықтар да ауыз толтырып айтқандай дәрежеде болмақ. Айта кететін бір жәйт: мерейтой шығынының басым бөлігін және бұрын Маңғыстауда болып көрмеген сапамен шығарылған Әбілқайыр Спанның «Сүйінғара» кітабының шығындарын ата ұрпақтары өздері көтерді. Бұл – аса құптарлық жай.


Мерекелік шараларға шақыру дүйім жұртқа интернет желілері, теледидар мен баспасөз арқылы жеткізілуде. Ал мерекелік шаралардың бағдарламасы ауық-ауық облыстық, аудандық және қалалық газеттер арқылы, облыстық теледидар мен радио желілерінен хабарлануда.


 


Сонымен, «Мерейтой салтанатын көремін, ата рухына бас иіп, көңілімді білдіремін» деген барша қандас-бауырларымызды ақ пейілімізбен құшақ жайып қарсы алуға дайынбыз.


Мерейтойда кездесейік, ағайын!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу